«Алматы» телеарнасы биыл жаңа форматқа еніп, контенттің мән-мазмұнына дейін толық ребрендинг жасалды. Республика көлемінде хабар тарататын арнамыз өзінің төл туындыларын шығарып, көрермен көзайымына бөленген. 8 сериал мен 11 тележоба жарық көрді. Ал шынайы әрі жан-жақты ақпарат тарататын жаңалықтар эфирге 2 мыңға жуық тікелей шығарылым ұсынды.
2022 жылдың алғашқы айы күллі қазақ елі үшін ауыр болғаны белгілі. Ел басына күн туғанда шынайы әрі уақытылы ақпарат тарату тілшілерге де оңайға соқпады. «Алматы» арнасының қызметкерлері қаңтар оқиғасы кезінде өз өмірлерін қатерге тігіп, от пен оқтың ортасында дерек жинады. Көптеген телеарна қауіпсіздік мақсатында өз жұмысын уақытша тоқтатып жатса, арнамыздың журналистері, телеоператорлары, режиссерлері мен инженерлері талмай жұмыс істеді. Айналасы он шақты күннің ішінде «Жаңалықтар» бөлімі эфирге 800-ге жуық материал беріп үлгерді.
«Қорқыныш болды. Өйткені небір адамдар жүрді. Біз видеомен түсіреміз ғой, соның өзі қиын болды. Халық камераға қарай жүгірді. Камераны тартып алғандарды да көрдік», – деді «Almaty» телеарнасының операторы Сағынғали Мұңайтпасов.
Ел үшін маңызды оқиғалар мен даталарда да «Жаңалықтар» қызметі білек түріп еңбек етті. Жолдау, референдум, сайлау секілді саяси өзгерістер де назардан тыс қалмаған. Бұқараның мұң-мұқтажын тыңдаған тілшілердің сюжеттерінен соң сан түрлі мәселе шешімін тапты. Биыл «Жаңалықтар» бөлімі 1900 тікелей эфир өткізді. Бұдан бөлек, биыл «Алматы» арнасы еліміздің барлық аумағында тегін хабар тарататын міндетті телеарналар қатарына енді. Бұл өз кезегінде өңірлерден тілшілер қосынын ашып, ақпарат ауқымын кеңейтуге жол ашты.
«Оның ішінде атап айтатын болсақ, Солтүстік, Батыс Қазақстан, Ақтау, Орал, Оңтүстік, Қарағанды, Қостанай, Оңтүстік пен Орталық Қазақстан облысы, Тараз, Шымкент қаласында тілшілер бар. Қазір біз 11 өңірмен келісімшарт жасадық. 11 өңірде «Алматы» телеарнасы үшін хабар тарататын тілшілер қосыны бар», – деді «Almaty» телеарнасы АСБД басшысының орынбасары Үмбетәлі Меймеш.
Биыл телеарнаның форматы түбегейлі өзгеріп, бет-бедері ашық жасыл түске ауысты. Жаңа маусымда көрерменге 26 жоба жол тартты. Бұдан бөлек, арна шығындарын қысқарту есебінен қызметкерлердің жалақысы 50 пайызға өсті.
«2022 жылы «Алматы» арнасы біраз оң көрсеткішке қол жеткізді. Көрерменнің арнаны көру үлесі 35 пайыз өсті. Бұл тенденция алдағы жылдар да сақталады деген ойдамыз. Келер жылға жоспар көп. Сериалдар түсіріп, бірнешеуін бірінші жартыжылдықта ұсыну көзделіп отыр. Сондай-ақ көктемде интеллектуалды викториналар мен шоу-бағдарламалар циклі жарыққа шықпақ», – деді «Almaty» телеарнасы бас директорының орынбасары Ғазиза Жаппарова.
Сондай-ақ жаңа маусымда арнамыз көрерменді рейтингі жоғары 11 жаңа телетоптамамен қуантты. Танымал режиссерлердің бастамасымен сериалдар, тарихи, деректі фильмдер түсірілді.
Назкен Еркін, Арсен Сандыбаев, Рашиддин Якупов, «Алматы телеарнасы