Мейірім мекені: Биыл «Алматы» телеарнасы 40-қа жуық мұқтаж жанға қол ұшын созды

31.12.2022 00:59

Кейіпкерлердің бірі – Әсел Жақыпбек

 «Алматы» телеарнасы биыл 40-қа жуық мұқтаж жанға қол ұшын созды. Әлеуметтік, медициналық, әрі заңдық тұрғыда күрмеуі қиын көп мәселенің шешімі табылды.

Шешімін тапқан көп тақырып жаңалықтарда жарияланатын «Мейірім мекені» айдарында. Әр сәрсенбіде көпшілік назарына ұсынылатын түрлі әлеуметтік, медициналық көмекке мұқтаж жандарға телеарна арқылы қыруар сома жинап, көптің игі іске атсалысуына түрткі болды. Сондай кейіпкерлердің бірі – Әсел Жақыпбек. Бүйрек қызметі бұзылған ана желтоқсанның жетісінде ота жасатты. 2,5 сағатқа созылып, сәтті аяқталған бүйрек ауыстыру операциясы телеарна көрермені жинаған қаражаттың есебінен өткізілген еді.

«Сбор аштық, қатты қиналдық. Не істерімізді білмей. Жан-жақтан еріктілер көмектесті. Барлық қазақ тілекші болды. Сіздердің де еңбегіңіз зор. Осы «Мейірім мекені» бағдарламасына алғысым шексіз. Бағдарламанң арқасында 10 млн теңге жинадық, Аллаға шүкір», – деді кейіпкер Әсел Жақыпбекова

«Мейірім мекені» аясында 40-қа тарта кейіпкердің мәселесі көтерілді. Көптен келген көмек олардың қатарға қосылуына сеп болды. Әлеуметтік шешімін таппаған тақырып та аз емес. Жол мен су, жарық пен жылу жайы өзекті уақытта мұқым елдің мұңын тыңдап, мәселенің шешімін іздеу – жаңалықтар қызметінің міндеті.

Қазанда «Қарасай ауданына қарасты Жібек жолы ауылында көптің қолданысындағы жол жекеменшік қарамағына өтіп кетті» деп дабыл қаққан ек. Әкімдік өкілдері де арна тілшілеріне мардымды жауап бере алмай қиналған. Қашан, қандай жолмен жекеге өтіп кеткені белгісіз жолдың жайы көп ұзамай-ақ шешімін тапты, көше қолданысқа берілді. Бұл біз көтерген проблеманың бірі ғана.

Ал суды өзеннен тасып ішетін Шамалған тұрғындары 10 жыл бұрын қоныстанған аумақта әлі ауыз су жоқ деп шағымданған еді. Тіпті лас судан ағзасына инфекция түсіп, бір бала қайтыс болған. Қыс түссе мұз ойып, өзенге жол салып қиналамыз деген тұрғындардың мәселесін арна тілшілеріне жергілікті әкім 2024 жылға дейін шешеміз деп уәде берген еді. Арада 2 ай өткенде мәселе реттелді, су келді, енді жол түспек.

Алматы телеарнасы күн сайын қаузайтын тақырыптар мен әлеуметтік мәселелердің дені шешім табады. Біздің міндет - ел мұңын естуші мемлекетке жеткізу.

Мадина Оқас, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы