13 жылдан бері бала сүйе алмай жүрген Гүлнұр Молдақова бүгін тегін ЭКО квотасын иеленді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Алматы» телеарнасының «Шешімі бар» хабарына кейіпкер ретінде қатысқан ол денсаулығына байланысты табиғи жолмен ұрпақ жалғай алмайтынын айтып хабарласқан. Бағдарламада қонақ болған психологтар мен арнайы мамандар оған өз кеңестерін айтып, жасанды ұрықтандырудың жолдарын түсіндірді. Соның нәтижесінде 31 жастағы қала тұрғыны ЭКО-сертификатын қолына алды.
«Тегін ЭКО-ға тегін жолдама бергіміз келеді. Біздің «Мейір» клиникамызда сізді тегін ЭКО жасатуға шақарады. Сіз міндетті түрде бала сүйесіз. Көп ұрпақты ана боласыз», – деді дәрігерлер.
Айта кетейік, «Алматы» телеарнасындағы әлеуметтік «Шешімі бар» ток-шоуы жалғасын табады. Түйіткілді мәселелер мен қоғамдағы өзекті тақырыптарды сараптайтын бағдарламаның жаңа санын енді көрермендер сәрсенбі мен жұма аралығында сағат 18:00-де көре алады. Әлеуметтік жобаларға назар салған «Алматы» арнасы ұжымы көпшілікке игілікті көмек көрсетуді одан әрі жалғастырмақ.