Алматылық ІТ мамандар тоғызқұмалаққа арналған жаңа қосымша әзірледі

11.02.2026 16:37

Бірегей платформаны жасауға шамамен бір ай уақыт кеткен

Алматылық ІТ мамандар тоғызқұмалаққа арналған жаңа қосымша әзірледі. Енді кез келген адам логикалық ойынның қыр-сырын нейрожелі көмегімен меңгере алады. Пайдаланушылар виртуалды қарсыласпен сайысуға, жаттығуға немесе онлайн режимде басқа ойыншымен жеке партия өткізуге мүмкіндік алады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Аяжан Исабаева – тоғызқұмалақтан спорт шеберлігіне кандидат. Оның зияткерлік ойынға қызығушылығы төртінші сыныпта басталған. Жас спортшы тоғызқұмалақты өз бетінше үйрене бастаған. Алматыға көшкенде оқушының ойынға икемін дене шынықтыру пәнінің мұғалімі байқап, жарыстарға дайындай бастапты.

«Ол мықты ойнайды, тақтадан қарағанда айырмашылығы бар. Себебі қарсыласының бір жүргенде ол екі немесе үш жүруі мүмкін. Дайындалып, чемпион болғым келді. Екі жыл өткен соң, арманыма жеттім. Спорт шеберлігіне кандидатпын, өте жақсы тренерім бар», – деді мектеп оқушысы Аяжан Исабаева.  

Бүгін жас спортшылар тоғызқұмалақты алғаш рет ерекше форматта ойнап көрді. Қарсыластары – нейрожелі. Виртуалды ойыншыны жеңу оңай емес, себебі бағдарламада партия өрбуінің ондаған мың нұсқасы қарастырылған.

«Цифрлық нұсқасында кедергі адамдар бірін-бірі күту керек. Синхронизация қиын болады. Біз ЖИ кішкентай версиясын жасадық. Яғни ол ақымақ болып ойнады. Кейін оны күшейту керек болды. Өйткені оқушылар әрі қарай дамыту керек. Сондай-ақ оқушыларға көшеде, автобуста тақта қойып ойнай алмайды, жеңілдетуге тырыстық», – деді AI-инженері Нұрлыхан Қалжанов.

Бірегей платформаны жасауға шамамен бір ай уақыт кеткен. Мамандардың айтуынша, ең күрделі кезең – түрлі дереккөздерден мәлімет жинап, жүйелеу болған. Өнертапқыштардың айтуынша, бүгінде нейрожелі гроссмейстер деңгейінде ойнауға қауқарлы. Қосымшада бірнеше режим бар: үйрету, жасанды интеллектімен ойын және өзара талдау форматы.

Айта кету керек, жуырда онлайн платформа елордада да іске қосылды, алайда бағдарламалау тілдері бойынша айырмашылық бар.

«Бұл платформада Алматы қаласының чемпиондары ойыншылары, республиканың чемпиондары, Азия чемпиондары ойнап жатыр. Бұл бағытқа неге біз бет алдық? Өйткені биыл Президентіміз ЖИ жылы деп айтты. Енді тоғызқұмалақты алып қарасақ, қолдау өте жақсы болып жатыр», – деді республикалық Тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әкім Тұрсын

Алдағы уақытта жоба инженерлері роботтар арасында жарыс өткізуді жоспарлап отыр. Бұл жүйенің мүмкіндігін толық бағалауға, әлсіз тұстарын анықтап, жаңа алгоритмдерді енгізуге жол ашпақ.

Әйкерім Пернебек, Әмина Үсенова, Думан Дәулетбақұлы

Оқи отырыңыз: Мүмкіндігі шектеулі алматылық бойжеткен үй жануарларына арнап қонақүй ашты