Сарыағашта жаңғыртылған орталық стадион қолданысқа берілді

29.10.2026 16:49

Спорт ордасында бір уақытта 200-ге жуық жеткіншек спортпен тұрақты шұғылдана алады

Түркістан облысының Сарыағаш қаласында күрделі жөндеуден өткен орталық стадион пайдалануға берілді. Тозығы жеткен нысанды жаңғыртуға облыстық бюджеттен 807 миллион теңге бөлінген, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мұнда 1 000 орындық көрермен трибунасы жаңартылып, алаңға халықаралық талаптарға сай жасанды төсеніш төселді. 400 метрлік жеңіл атлетика жолағы мен жарықтандыру жүйесі де толық жаңартылды. Кешен ішінде стрит-воркаут пен шағын футбол алаңдары да қарастырылған. Енді бұл спорт ордасында бір уақытта 200-ге жуық жеткіншек спортпен тұрақты шұғылдана алады.

Айта кетейік, биыл Түркістан облысында бұқаралық спортты дамыту үшін жалпы құны 11 миллиард теңгеден асатын 58 спорт нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр.

"2013 жылы салынған стадионымыз әбден тозған еді. Қазір қайта жаңғыртылып, жаңаша кейіпке енді. Облыс әкімінің қолдауының арқасында қуанышқа кенеліп отырмыз," – деді № 3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Бейсенхожа Әбдіәмітов.

Оқи отырыңыз: Алматы музейінде альпинизм тарихына арналған көрме ашылды

Толық көрсету