Қазақстандық боксшылар олимпиада ойындарының 7 лицензиясына ие болды

Almaty TV
Almaty TV

Оның бесеуін боксшылар Бусто-Арсицио қаласында өткен алғашқы іріктеу турнирінде алды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстандық былғары қолғап шеберлері биыл Парижде өтетін жазғы олимпиада ойындарының 7 лицензиясына ие болды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның бесеуін боксшылар Италияның Бусто-Арсицио қаласында өткен алғашқы іріктеу турнирінде алды. Бұған дейін Азия ойындарында ұлттық құрама мүшелері Қамшыбек Қоңқабаев пен Карина Ибрагимованың дүбірлі додаға қатысатыны белгілі болған. Ал Италиядағы іріктеуде ағайынды Айбек және Нұрбек Оралбай, Асланбек Шымбергенов, Махмұд Сабырхан мен Сәкен Бибосынов байрақты бәсекеге жолдама алды.

– Ол – ортақ жеңіс. Алла қаласа, енді босаңсымай, тыңғылықты дайындалып, елдің намысын абыроймен қорғағым келеді. Токиода қола медаль алдым, Алла қаласа, осы олимпиадаға алтын медаль алу үшін барамын, – деді Париж олимпиадасы жолдамасының иегері Сәкен Бибосынов.

– Олимпиадаға дейін жақсы дайындықпен келдім. Алла қаласа, бұдан да керемет өнер көрсетсем деген арманым бар, – деді Париж олимпиадасы жолдамасының иегері Махмұд Сабырхан.

Айта кетейік, ерлер құрамасы әлі де 63-те 5 келіге дейінгі салмақта лицензия алуы керек. Италияда бұл номинация бойынша еліміздің атынан Мұхаммедсабыр Базарбайұлы қатысқан. Алайда ол шешуші кезеңге өте алмады. Десе де, билет ұтып алу мүмкіндігі сақталады. Енді екінші лицензиялық турнир Таиландта 23 мамыр мен 5 маусым аралығында өтеді. Оған Базарбайұлынан бөлек, бес қызымыз дайындалады.

– Әрине, барлығында кем-кетік бар. Онымен жұмыс істейміз. Олимпиадаға дейін жігіттерімізді жақсы бабында алып келуге барымызды саламыз, – деді бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов.

Оқи отырыңыз: Лицензиялық турнир: Нұрбек Оралбай ширек финалға шықты

Новости партнеров