|
05.12.2022 | 08:47
2491

ӘЧ-2022: тағы екі құрама ширек финалға жолдама алды

Франция мен Англия құрамалары турнирдің 1/4 финалына жолдама алды

ӘЧ-2022: тағы екі құрама ширек финалға жолдама алды yandex.kz

Катарда өтіп жатқан әлем чемпионатының 1/8 финалының тағы екі ойыны аяқталды. Бірінші ширек финалдық жұпты құраған Нидерланды мен Аргентина құрамаларының ізімен Франция мен Англия құрамалары турнирдің 1/4 финалына жолдама алды. Франция мен Англия құрамалары 10 желтоқсанда кездеседі, деп хабарлайды Almaty.tv.

1/8 финалдың үшінші ойынында Франция – Польша құрамалары ширек финалдың жолдамасын сарапқа салды.

Матчты француздар қарқынды бастаса, поляктар да қарап қалмады.

Әуелі 30-минутта Оливье Жиру бос қақпаға гол соға алмай, қапы қалды. Ал 38-минутта Франция қақпашысы Уго Льорис пен қорғаушылар сәтті қорғана білді.

44-минутта Килиан Мбаппеден пас алған О.Жиру Польша қақпашысы Войцех Щенсныдан айласын асырып кетті – 1:0.

Бұл - оның Франция құрамасы сапындағы рекордтық 52-голы еді.

Екінші кезеңде 74-минутта француздар қарсы шабуылды сәтті ұйымдастырды.

О.Жиру допты оң қапталдағы Усман Дембелеге жылжытты. У.Дембеле сол қанаттағы К.Мбаппені тапты. Мұны мүлтіксіз пайдаланған Килиан есепті 2:0-ге жеткізді.

Сөйтіп ол әлем чемпионаттарындағы сегізінші голын соқты. 91-минутта К.Мбаппе тоғыздықты дәл көздеді – 3:0.

23 жастағы Килиан Мбаппе осы чемпионатта 5 голмен жеке дара мергендер көшін бастады.

Матч соңында венесуэлалық Хесус Валенсуэла Франция қақпасына 11 метрлік айып добын белгіледі. Роберт Левандовскидің тепкен добын әуелі У.Льорис қақшып алды.

Бірақ төреші Р.Левандовсиге пенальтиді қайта орындатты. Бұл жолы 99-минутта Польша капитаны мүлт кетпеді.

Осылайша, Польшаны 3:1 есебімен ұтып, ширек финалға жолдама алған Франция 10 желтоқсанда Англия құрамасымен жартылай финалға шығу үшін таласады.

1/8 финалының төртінші кездесуінде Англия мен Сенегал құрамалары ойнады.

Кездесу барысында құрамалар тезірек гол соғуға тырысқан еді. Десе де, бір-бірінің қақпасына жасалған шабуылдар аяқсыз қалып жатты.

Осындай сәттердің бірінде англиялық Джордан Хендерсон 38-минутта соққан гол өз құрамасын алға шығарды.

Ойынның 48-минутында Гарри Кейн мергендік танытып, Тұманды Альбион елі құрамасының басымдығын арттырды.

Ал 57-минутта Букайо Сака қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша Англия қарсыласынан 3:0 есебімен басым түсті.

Дереккөз: ҚазАқпарат

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир