Елена Рыбакина АҚШ-тағы ірі турнирде жеңіске жетті

20.03.2023 16:18

Ол екінші сетте де есесін жібермеді – 6:4

ktf.kz

 Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Индиан-Уэллс WTA 1000 турнирінің чемпионы атанды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 2-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен кездесті.

Бір сағат 20 минутқа созылып, тартысты өрбіген бірінші партияда Е.Рыбакина тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 7:6 (13:11).

Ол екінші сетте де есесін жібермеді – 6:4.

Екі сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында Елена 7 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. А.Соболенко 4 эйс, 2 брейкпен (6 брейк-пойнт) шектелді.

Осылайша, алғаш рет WTA 1000 жарысының жеңімпазы атанған Е.Рыбакина А.Соболенкодан Аустралия ашық чемпионатының финалында кеткен есені қайтарды.

Сондай-ақ Елена Рыбакина өз спорттық жолында алғаш рет әлемдік рейтингіде жетінші орынға көтеріледі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның әлемнің сегізінші ракеткасы атанғанын жазған болатынбыз.