Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің төртінші айналымына шықты

 ҚТФ баспасөз қызметі
ҚТФ баспасөз қызметі
Ол ширек финалға шығу үшін бразилиялық теннисшімен кездеседі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанның бірінші, әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакина "Үлкен дулыға" санатындағы Уимблдон турнирінің төртінші айналымына шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Қазақстан теннис федерациясына сілтеме жасап.

Лондонда өткен жылғы атағын қорғап жатқан қазақстандық теннисші үшінші айналымда Ұлыбританияның бірінші, әлемнің 89-ракеткасы Кэти Бултермен шеберлік байқасты.

Бұл қос спортшының алғашқы кездесуі еді. Бултер өз елінде өнер көрсетіп жатқандықтан, барын салатыны әрі жергілікті жанкүйерлердің оны жақтайтыны түсінікті болатын.

Лондонда тағы да жаңбыр жауғандықтан, орталық корттағы матчтың өзі уақытынан әлдеқайда кешігіп басталды.

Бірінші партияда брейк жасаған Елена 3:1 есебімен алға кетті. Тағы бір брейк – 5:1. Сосын өз геймін қиналмай алды – 6:1.

Рыбакина екінші сетті де брейкпен бастады – 2:0. Ақыры матчты кезекті брейкпен тәмамдады – 6:1.

Бір сағатқа жуық уақытқа созылған бәсеке барысында қазақстандық спортшы 7 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне жазды.

Елена Рыбакина ширек финалға шығу үшін әлемнің 13-ракеткасы, бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен кездеседі.

Новости партнеров