Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш алтынның иесі Ризабек Айтмұқан бүгін таңертең елге ұшып келді. Белградтағы әлем чемпионатында еркін күрестен топ жарған балуанды ел азаматтары зор ықыласпен қарсы алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Таң қылаң бергенде талайдан күткен алтынның иесін көпшілік әндетіп, думандатып күтіп алды. Қалай болса да, жарасады. Бұл – тарихи жеңіс. Қазақ жұртының 24 жыл аңсаған алтыны, ал дәл еркін күрестен ең алғашқы жүлдесі. Сол жүлдені қоржынға салып, көңілді марқайтқан балуанын бүгін алматылықтар шапан жауып, шашу шашып қарсы алды.
– Біраз қара терге малып, тәртіпке салғаным рас. Баламның бойынан ерік-жігерді байқадым, жауапкершілікті сезінетінін ұқтым. Алғашында күреспен физикалық тұрғыда жетілу үшін айналысқан еді. Барлық кезде баламмен бірге тұрып, бірге жаттықтым. Оған үлгі көрсетуім керек болды, – деді Р. Айтмұқанның әкесі Қанат Жолдасбай.
Спорттық мансабында мақсатына жетуі үшін Ризабек Кішкенекөл ауылынан алдымен Астанаға, сосын Алматыға қоныс аударады. Спорт колледжінде білім алады. Бірақ мұндай даңққа, жеңіске қол жеткізем деп ойламамапты.
– 2019 жылы Астанада өткен әлем чемпионатында мен ерікті болдым. Сол балуандардың ақтық белдесуінде коверды сүрткенмін. Шынымды айтсам, ол кезде әлем чемпионы болам деп ойлаған жоқпын. Бірақ арманым еді, – деді Еркін күрестен әлем чемпионы Ризабек Айтмұқан.
Додадан қайтып, елге табан тіреген балуанды Ұлттық гвардияның қызметкерлері, федерацияның басшылары сынды бірқатар азамат күтіп алды. Олар Ризабекті мақтан тұтады, бір салада жүргенін абырой санайды.
– Әлем чемпионаты болған соң оңай болмады. Қарсыластарының бәрі – өз саласының шебері. Әзірбайжандық балуанмен күрескен финалдық кездесуде қиын болды, – деді Р. Айтмұқанның жеке бапкері Еркебұлан Кешубаев.
– Ризабекті құттықтап, алдағы сайыстарына сәттілік тілегім келеді. Қандай дода болса да, жарақатсыз өтсін деп тілеймін. Ол – біздің мақтанышымыз. Қолдауға әркез дайынбыз, – деді спорт басқармасының басшысы Ерден Хайруллин.
Еркін күрестен әлем чемпионатын жеңіп алған тарихтағы тұңғыш қазақ алдағы күндерін отбасымен өткізісі келеді. Жеңістің буы қайтып, қатарға қайта оралғанда ол олимпиадаға дайындықты бастайды. Ризабек Айтмұқан келер жылы Парижде өтетін әлемдік додаға лицензия алды.
Мадина Оқас, Хангелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 30 спорт түріне қатысады
Спорта хватит на всех! Главный спонсор спортивных эмоций дарит всем новым пользователям до 200 000 тенге! Смотри любимые спортивные события и побеждай вместе со своими фаворитами! Подробная информация на сайте и приложении!