Универсиада-2019: Қазақстандық гимнастар финалға өтті

05.07.2019 14:59

Іріктеу сынының қорытындысы бойынша, біздің гимнастар бес жаттығу түрінен финалға жолдама алды

МИА «Казинформ»

Италияның Неаполь қаласында басталған жазғы Универсиада ойындарында спорттық гимнастикадан іріктеу кезеңі аяқталды, деп хабарлайды Olympic.kz.

Іріктеу сынының қорытындысы бойынша, біздің гимнастар бес жаттығу түрінен финалға жолдама алды.  

Атап айтар болсақ, команда үздігі Милад Карими көпсайыс қорытындысы бойынша 8-ші орын алып, ақтық сынға өтті. Сондай-ақ, Милад еркін жаттығуда – төртінші, гимнастикалық кермеде – алтыншы, гимнастикалық қоссырықта жетінші орыннан көрініп, финалда өнер көрсету мүмкіндігін алды.  

Команда мүшесі Нариман Курбанов гимнастикалық ат снарядындағы іріктеу кезеңін үшінші орынмен аяқтады. Нариман да финалда сынға түсетін спортшылар қатарында.  

Спорттық гимнастикадан Универсиаданың финалдық кезеңі 6-7 шілдеде өтеді. 6 шілде күні көпсайыстан, 7 шілде күні жекелеген жаттығу түрлерінен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады.  5 шілде күні Аида Бауыржанова мен Екатерина Чуйкина жарысты бастайды.