Қазақстандық футболшылар 20 қарашада сырт алаңда Словениямен кездеседі
Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу сатысы жетінші турында Қазақстан құрамасы Сан-Маринодан басым түсті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі inform.kz-ке сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ұлттық құрамасының Сан-Марино командасына қарсы ойынына қолдау көрсету үшін «Астана Арена» стадионына келді.
Мемлекет басшысымен бірге ұлттық құрамаға қолдау білдіру үшін даңқты спортшылар, спорт ардагерлері мен мәдениет қайраткерлері де келді.
Олардың арасында Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген, мини-футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Паулу Рикарду Фигейра Силва (Кака) және тағы басқалары бар.
Кездесу барысында қазақстандық футболшылар бірден шабуылға көшті. Десе де оған қарсылас құрама қорғаушылары лайықты төтеп бере білді.
Ойынның 19-минутында қазақстандық Ислам Чесноков Сан-Марино қақпасына алыстан гол соқты. Осылайша ол ұлттық құрама жейдесіндегі тұңғыш гол авторы атанды.
Бұдан кейін де алаң иелерінің гол соғатын бірнеше мүмкіндігі болған еді. Десе де есеп өзгере қойған жоқ.
Екінші кезеңде алғашқы минуттан қазақстандық футболшылар тізгінді өз қолына алуға тырысты. Нәтижесінде 51-минутта Ислам Чесноков ойын барысында екінші мәрте мергендік танытты.
Ал 60-минутта Сан-Марино ойыншысы Симоне Франчози есеп айырмасын қысқартты.
Ойынның 92-минутта олардың қақпасына белгіленген пенальтиден Абат Айымбетов мүлт кеткен жоқ.
Осылайша Қазақстан қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсті.
Ел құрамасы H тобында 8 ойыннан кейін 15 ұпай жинап, үшінші орында тұр.
Алғашқы екі орындағы Словения мен Данияның еншісінде 19 ұпайдан бар.
Енді қазақстандық футболшылар 20 қарашада сырт алаңда Словениямен кездеседі.
Сондай-ақ бүгін аталған топта Финляндия мен Солтүстік Ирландия, Дания мен Словения ойындары өтеді.
Оқи отырыңыз: Қазақстанның ұлттық құрамасы негізгі ойыншыларынсыз алаңға шығады