Иордания астанасы Амман қаласында бокстан өтіп жатқан Азия чемпионатында бүгін ерлер арасында 9 қазақстандық алтын жүлдеге таласады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Астана уақытымен сағат 16.00-де басталатын құрлықтық додада төрт қазақстандық боксшы финалда бірінен кейін бірі шығады.
Алдымен жастар арасындағы әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай (48 кг) жапониялық Аратаке Кадзумамен мықтыны анықтайды.
Бұдан кейін Токио олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосыновқа (51 кг) кезек тимек. Ол өзбекстандықтар үлкен үміт артып отырған олимпиада чемпионы Хасанбой Дусматовпен алтынды сарапқа салады. 2021 жылы Белградта өткен әлем чемпионатында Х.Дусматовтың Сәкеннен жеңіліп қалғаны белгілі. Енді соның есесін қайтаруға ұмтылатыны анық.
Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Махмуд Сабырхан (54 кг) Токио олимпиадасының финалисі, филиппиндік Карло Пааламға қарсы тұрмақ.
Әлем чемпионатының күміс жүлдегерлері, қазақстандық Серік Теміржанов (57 кг) пен өзбекстандық Абдумалик Халоковтың жекпе-жегі де қызу өтетіні анық.
Сондай-ақ жетінші жұпта Дулат Бекбауов (67 кг) таиландтық Бунджонг Синсиримен, ұлттық құрама капитаны, Азия ойындарының күміс жүлдегері Асланбек Шымбергенов (71 кг) иорданиялық Зеяд Ишайшпен, Нұрқанат Райыс (75 кг) өзбекстандық Саиджамшид Джафаровпен қолғап түйістіреді.
Жасөспірімдер олимпиадасының чемпионы, жастар арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері Айбек Оралбайдың (92 кг) 12-жұпта өзбекстандық қазақ, 2021 жылғы дүниежүзілік додада қола алған Мадияр Сайдрахимовпен кездесуі ел назарын аударатыны анық.
Бокс кешін аса ауыр салмақта Токио олимпиадасының қола, әлем чемпионатының екі мәрте күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев түйіндейді. Оның қарсыласы – тағы бір өзбекстандық Лазизбек Муллажонов.
Финалға Қазақстаннан 9, Өзбекстаннан 7 боксшы шықса, солардың бесеуі өзара жұдырықтасады.
Сондай-ақ Иорданиядан 4, Таиландтан 2, Үндістан, Жапония, Филиппин мен Моңғолиядан бір-бірден спортшы алтын үшін сайысқа түседі.