|
07.09.2020 | 10:21
4520

Қазақстандық теннисші US Open турнирінің ширек финалына шықты

Коронавирус індетіне байланысты басқа додалар сияқты, АҚШ-тың ашық чемпионаты да көрерменсіз өтуде

Қазақстандық теннисші US Open турнирінің ширек финалына шықты eurosport.com

Қазақстандық Юлия Путинцева US Open турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Дүниежүзілік рейтингіде 35-орында тұрған Ю.Путинцева төртінші айналымда әлемнің 15-інші, осы доданың (жүлде қоры – 53,4 млн доллар) 8-ракеткасы, хорватиялық Петра Мартичпен кездесті. Матч US Open жарысының бас корты – Артур Эш стадионында болды. Коронавирус індетіне байланысты басқа додалар сияқты, АҚШ-тың ашық чемпионаты да көрерменсіз өтуде. Қазақстандық теннисші биыл 25-ке толса, тәжірибелілеу қарсыласы 29 жаста еді. 

Бұл олардың өзара алғашқы ойыны болатын. Ю.Путинцева бірінші партияда брейкпен алға шықты – 2:0. Тағы бір брейкпен өз геймін алды – 5:0. Есеп 1:5 болып, қазақстандық теннисші сетке доп бергенде, П.Мартич брейк жасады. Дегенмен Юлия төртінші сетболын пайдалана білді – 6:3. 

Екінші сет басында қазақстандық спортшы үш бірдей брейкпойнтын мүлт жіберді. Есеп 3:2 болғанда, тартысты геймде П.Мартич брейкпен алға кетті – 4:2. Бұдан кейін Ю.Путинцева медициналық үзіліс алғанымен, хорватиялық теннисші сетті тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:2. Үшінші, шешуші партияда Юлия брейкпен алға шықты – 1:0. Тағы бір брейк – 3:0. Сосын есепті 5:1-ге жеткізді. Есеп 5:2 болып, Путинцева матчқа доп бергенде, қарсыласы брейк жасай алды. 

Есеп 4:5 болғанда, Мартич та медициналық көмекке жүгінді. Бұдан кейін Юлия матчты жеңіспен тәмамдай білді – 6:4. Тартысты бәсеке 2 сағат 27 минутқа созылды. Осылайша қазақстандық теннисші өз спорттық жолында алғаш рет US Open турнирінің ширек финалына шықты. Ю.Путинцева ширек финалда әлемнің 41-ракеткасы, америкалық Дженнифер Брэдимен шеберлік байқасады. 

Д.Брэди төртінші айналымда күтпеген жерден кезінде дүниежүзілік рейтингте көш бастаған, қазір 23-сатыда тұрған германиялық Анжелика Керберді 6:1, 6:4 есебімен ұтып кетті. Бұл – осыған дейін «Үлкен дулыға» турнирінде ширек финалға шығып көрмеген америкалық спортшының әзірге ең жоғары табысы. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ю.Путинцеваның US Open турнирінің төртінші айналымына шыққанын, А.Голубевтің Италиядағы жарыстың чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир