Каратэден Токио Олимпиадасына 5 спортшы қатысады

inform.kz
inform.kz
Каратэден жарыстар 6-8 тамыз аралығында өтеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Халықаралық каратэ федерациясы (WKF) Олимпиадалық рейтинг бойынша Токио Олимпиадасына жолдама алған спортшылар тізімін жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Халықаралық каратэ федерациясының ақпаратына сәйкес, қазақстандық спортшылар Софья Берульцева (+75 келі) мен Данияр Юлдашев (+61 келі) құрлықтық жолдамаға ие болып, Қазақстан қоржынына қос жолдаманы алып келді.

Осылайша, каратэден Қазақстан құрамасында Токио Олимпиадасына 5 жолдама бар. Төртжылдық додасына жолдаманы алғашқы болып Дархан Асаділов иеленді. Ол рейтингіде қарсыласынан 1000 ұпай алда болғандықтан, лицензияны мерзімінен бұрын алды.

Ал Мөлдір Жаңбырбай (50 келі) мен Нұрқанат Әжіқанов (75 келі) жолдаманы Парижде өткен лицензиялық жарыста жеңіп алды. Естеріңізге сала кетейік, каратэ Олимпиада ойындарының бағдарламасында алғаш рет ұсынылған.

Каратэден жарыстар 6-8 тамыз аралығында өтеді. Токио Олимпиадасына барлығы 34 елден 82 каратэші (40 әйел және 42 ер адам) қатысады. Оның ішінде 61 кумитэден және 21 ката бойынша бақ сынайды. Олимпиадаға іріктеу екі жылға созылды. Рейтингілік жарыстарда спортшылар ұпай жинады.

Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстан қоржынында 26 спорт түрінен 72 жолдама бар.


Новости партнеров