Әлем чемпионатынан елге оралған боксшыларды жанкүйерлер ерекше қарсы алды

Пресс-служба НОК, Сали Сабиров
Пресс-служба НОК, Сали Сабиров
Әуежайда чемпиондарды жанкүйерлер шашу шашып, домбырамен ән салып, ерекше күтіп алды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Белградта (Сербия) өткен бокстан әлем чемпионатында атой салған боксшылар елге оралды. Бүгін түнде Сәкен Бибосынов, Теміртас Жүсіпов, Абылайхан Жүсіповті жанкүйерлер Нұр-Сұлтан халықаралық әуежайынан күтіп алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Express Qazaqstan-ға сілтеме жасап.

Әуежайда чемпиондарды жанкүйерлер шашу шашып, домбырамен ән салып, ерекше күтіп алды. Спортшылар да осындай құрметке ризашылықтарын білдірді. Содан кейін тілшілердің сауалына жауап берді.

«Токио Олимпиадасында аздаған сәттілік жетіспеді. Соның орнын толтырдым. Белградтағы әлем чемпионатында чемпион атандым. Еліміздің әнұранын шырқату маңдайыма жазылған екен. Осыған қатты қуандым. Бұл жалғыз менің жеңісім емес. Ата-анам, бапкерлерім және жанкүйер болған халықтың жеңісі», – деді 51 келіде чемпион атанған Сәкен Бибосынов.

Ал 33 жасында әлем чемпионы атанған Теміртас Жүсіпов (48 келі) финалдың қиынға соққанын бірақ бапкерлердің тапсырмасын ойдағыдай орындап шыққандықтан жеңіске жеткенін айтты.

«Финалда Тайландтан келген Вуттичай Юрачаймен кездестім. Жекпе-жек оңай болған жоқ. Бірақ бапкерлердің тапсырмасын толық орындадым, жеңіске жете алдым. Енді аздап демаламын. Одан кейін жоспарымызды бапкерімізбен ақылдасып шешетін боламыз», – деді Теміртас Жүсіпов.

Осы әлем чемпионатына Қазақстан құрамасын бастап барған бапкер Қайрат Сәтжанов командалық есепте бірінші орын аламыз деп үміттенгенін айтты.

«Жалпы командалық есепте бірінші орын аламыз деп ойлап едік. Соңғы сәтке дейін үмітімді үзбедім. Егер кубалық Ла Круз жеңілгенде біз топ жаратын едік. Негізі финалда қарсыластарына есе жіберген екі боксшының біреуі алтын алғанда онда кубалықтарға қарамастан бірінші орын бізге тиесілі болатын. Бірақ бұйырғаны екінші орын. Ол да жаман емес», – дейді Қайрат Сәтжанов.

Бұған дейін жанкүйерлер 57 келіге дейін салмақта екінші орын алған Серік Теміржановты күтіп алған болатын.Қазақстан құрамасы Белградтағы әлем чемпионатында бес жүлдеге ие болды. Құрама сапында.Теміртас Жүсіпов (48 келі) пен Сәкен Бибосынов алтын, Махмұд Сабырхан (54 келі) мен Серік Теміржанов (57 келі) күміс медаль еншіледі. Ал ұлттық құрама капитаны, 67 келідегі Абылайхан Жүсіпов қола медальға қол жеткізді.

Жалпы командалық есепте Куба топ жарды. «Бостаңдық аралының» өкілдері 3 алтын, 2 қола медальға қол жеткізді. Екінші орынға Қазақстан орналасса, үздік үштікті АҚШ құрамасы қорытындылады. Олардың еншісінде 2 алтын, 2 күміс медаль бар.

Новости партнеров