Кездесу елорда уақытымен 17 желтоқсанда сағат 21:00-де басталады
Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатында бүгін, 17 желтоқсанда Хорватия мен Марокко қола жүлдені сарапқа салады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Кездесу елорда уақытымен 17 желтоқсанда сағат 21:00-де басталады.
Тікелей эфир «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан көрсетіледі.
Кездесу ел астанасы Доха қаласындағы 45857 жанкүйерге арналған «Халифа Интернейшнл» стадионында өтеді. Бас төреші - қатарлық Абдулрахман Аль-Джассим. Оған отандастары Талеб Аль-Марри мен Сауд Аль-Макалех көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші бразилиялық Рафаэл Клаус.
FIFA рейтингінде Хорватия 12, Марокко 22-орында тұр.
Екі құрама бұған дейін екі мәрте кездесті. 1996 жылы өткен жолдастық кездесуде 2:2 есебі тіркеліп, ойын соңындағы пенальтиде хорватиялықтар 7:6 есебімен жеңіске жетті. Биылғы әлем чемпионатында F тобында ойнаған олар 0:0 есебіне қанағат білдірді.
Топтық кезеңде Хорватия Мароккодан өзге Канаданы 4:1 есебімен жеңсе, Бельгиямен 0:0 есебімен тең түсті. Одан кейін жарыстың келесі сатыларында Жапония және Бразилиямен 1:1 есебімен тең ойнағанмен пенальтиден қапы қалдырып кетті. Жартылай финалда Аргентинаға 0:3 есебімен жол берді.
Топтық кезеңде Марокко Хорватиядан өзге Бельгияны 2:0, Канаданы 2:1 есебімен жеңді.
1/8 финалда Испаниямен 0:0 есебімен тең ойнап, пенальти тебуден мергендік танытты. Ал, ширек финалда Португалияны 1:0 есебімен жеңсе, жартылай финалда Францияға 0:2 есебімен есе жіберді.