Қазақстандық спортшылар нәтижесінде медальдар кестесінде он бірінші орынға тұрақтады
АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында өткен 2023 жылғы қысқы Универсиадада қазақстандық спортшылар 11 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қазақстандық спортшылар үш алтын, төрт күміс, төрт қола медаль алды. Нәтижесінде медальдар кестесінде он бірінші орынға тұрақтады.
Медальдар кестесінде 48 медальмен (21-17-10) Жапония көш бастаса, одан кейінгі Оңтүстік Кореяның 29 (12-8-9) және Канаданың 13 (6-1-6) медалі бар.
Ел құрамасынан биатлоншылар Вадим Куралес пен Бекентай Тұрлыбеков, шаңғымен тұғырдан секіруші Данил Васильев чемпиондық тұғырға көтерілді.
Екінші орын биатлоншы Александр Мухин, шаңғымен тұғырдан секіруші Данил Васильев пен Сергей Ткаченко (командалық жарыс), шорт-тректен аралас эстафета (Яна Хан, Мәлика Ермек, Алина Әжіғалиева, Әлішер Абулкатимов, Әділ Ғалиахметов және Еркебұлан Шамұқанов) және шорт-тректен ерлер құрамасына (Санжар Жанысов, Антон Хван, Әлішер Абулкамитов, Әділ Ғалиахметов, Еркебұлан Шамұқанов және Валерий Клименко) бұйырды.
Ал қола жүлдеге биатлоншы Александр Мухин, шаңғышы Ксения Шалыгина, шаңғымен жарысудан әйелдер құрамасы (Айша Рақышева, Надежда Степашкина және Ксения Шалыгина) және хоккейден ерлер құрамасы қол жеткізді.
Енді 2025 жылғы қысқы Универсиада Италияның Турин қаласында өтеді.