Токио Олимпиадасында ерлер 8, әйелдер 5 салмақ дәрежесінде бақ сынайды
Халықаралық Олимпиада комитеті бокстан 2020 жылы өтетін Токио-2020 Олимпиада ойындарына іріктеу кезеңі өтетін мерзімді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті ХОК мәлімдесіне сәйкес, 2020 жылдың қаңтары мен сәуірі аралығында Азия/Мұхит елдері аймағында іріктеу сыны өтетінін және Қазақстанның осы аймаққа енетінін атап өтті.
Сондай-ақ таратылған ақпаратқа сенсек, келесі жылдың мамыр айында өтетін Әлем чемпионатында Қазақстанның былғары қолғап шеберлеріне жолдама иеленуге толық мүмкіндігі бары айтылған.
Жалпы алғанда, боксшылар үшін алдағы жылы Токио ойындарына жолдама тарататын төрт турнир ұйымдастырылады. Жарысты қабылдайтын қалалар алдағы уақытта анықталмақ. ХОК бокстан Олимпиада бағдарламасына енетін салмақ дәрежелерін де анықтады.
Нақтылар болсақ, Токио Олимпиадасында ерлер 8, әйелдер 5 салмақ дәрежесінде бақ сынайды.
Ерлер арасындағы олимпиадалық салмақ дәрежелері: 52, 57, 63, 69, 75, 81, 91 және +91 келі.
Әйелдер арасындағы олимпиадалық салмақ дәрежелері: 51, 57, 60, 69 және 75 келіге дейін.