Қазақстандық боксшылар Мәскеуде жеңіске жетті

sports.kz
sports.kz
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстандық боксшылар Бек Нұрмағанбет (6-0, 4 КО), Евгений Павлов (6-0, 4 КО) және Данила Семенов (5-0, 2 КО) Мәскеудегі бокс кешінде өнер көрсетіп, жеңіске жетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бек Нұрмағанбет 42 жастағы колумбиялық Хосе Мигель Торреспен (33-12, 27 КО) кездесті және оны алғашқы раундта-ақ нокаутқа жіберді. Айта кетсек, Б.Нұрмағанбет суперорта салмақта WBA International чемпионы болып табылады. Ал әуесқой бокста Азия чемпионатының жеңімпазы атанған. 

Евгений Павлов венесуэлалық боксшы Эдиксон Переспен (24-8, 18 КО) 8 раундтық жекпе-жек өткізді. Кездесу соңына дейін жалғасты және төрешілердің бірауызды шешімімен Е.Павловтың пайдасына аяқталды. 

Айтып кетейік, Евгений де екінші аса жеңіл салмақта WBA International титулына ие. Бұдан бөлек, төрешілердің бірауызды қолдауымен супер ауыр салмақтағы Данила Семенов жеңіске жетті. Ол «Покемон» лақап атымен танымал аргентиналық Пабло Фариастан (32-6, 17 КО) айласын асырды.

Қазақстандық спортшы оппоненттің желкесінен соққы жасағандықтан, төрешілер одан 1 балды шегерді. Бірақ бұл оның жеңіске жетуіне кедергі болмады. 

Новости партнеров