Ол мексикалық Алехандро Менесеспен жұдырықтасты
Кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраров (27-0, 20КО) жартылай орта салмақтағы IBO чемпиондық атағын жеңіп алды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ол мексикалық Алехандро Менесеспен (17-6, 9 КО) жұдырықтасты. Алматы Арена спорт кешенінде өткен жекпе-жек 12 раундқа жоспарланған еді. Алайда мексикалық боксшының қабағы жарылып кеткендіктен, оның бапкері жекпе-жекті мерзімінен бұрын тоқтатты. Айқас көбінесе мексикалықтың басымдығымен өтіп жатқан. Алехандро рингте бірінші нөмірмен өнер көрсетті.
Қарсыластың соққыларынан Жанқоштың мұрны қанап, еркін бокстасуға қиындық тудырды. Тартысты дода оныншы раундта аяқталды. Тұраров кезекті шабуылға шыққан сәтінде мексикалық боксшымен баспен соқтығысып қалды. Осылайша 9 раунд Алехандроның жарақат алуымен аяқталды. Ал келесі раундта мексикалық боксшының бапкерлері жекпе-жекті жалғастыруға рұқсат бермеді. Нәтижесінде Жанқош Тұраров техникалық нокаутпен жеңіске жетіп, IBO чемпиондық белбеуін иеленді.
Жанқош Тұраров бұған дейінгі жекпе-жегін қараша айында Алматыда өткізіп, венесуэлалық боксшы Луис Энрике Ромероны (11-6-1, 7 КО) жетінші раундта нокаутқа түсіріп, жартылай орта салмақтағы IBO Inter-Continental тұжырымы бойынша бос тұрған чемпион атағын жеңіп алған болатын.