Алматы жұрты әйгілі бапкер Вадим Псаревті ақтық сапарға шығарып салды

15.01.2019 19:54

Алматылықтар кезінде грек-рим күресінен КСРО құрамасының бапкері болған Вадим Псаревты ақтық сапарға шығарып салды. Мемлекет басшысы әйгілі жатттықтырушының қазасына орай марқұмның отбасына жедел-хат жолдап, көңіл айтты.

Вадим Псарев 86 жасқа қараған шағында өмірден озды. Атақты бапкермен қоштасу Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтті. Мәңгілік сапарға шығарып салуға оның ет жақындары, достары және жас спортшылар келді.

«Біз дүниежүзіндегі ең мықты, ұлы бапкер болған тұлғаның ауыр қазасына жиналып тұрмыз. Әрине, мұндай бапкер бір ғасырда бір рет өмірге келеді. Сондықтан мен оған әлемдегі мықты, ең күшті ұстаз деп басымды иемін», – деді олимпиада чемпионы Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ.

Еске сала кетейік, спорт саласында жарты ғасырдан астам уақыт қызмет еткен ол 4 рет олимпиадаға спортшы қосқан. Нәтижесінде, тәлімгерлері 3 алтын, 2 күміс медальға қол жеткізіпті. Олардың қатарында Валерий Резанцев, Жақсылық Үшкемпіров, Анатолий Назаренко және Владимир Бакулин сияқты Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің даңқты шоғыры бар. Ал 2014 жылы әлемдік грек-рим күресін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін есімі Біріккен күрес әлемі ұйымының Даңқ залына оның есімі жазылған.