Ақтөбе заң институтының оқытушысы Азия және Океания чемпионы атанды

03.07.2024 17:56

Спортшы ұлттық құраманың намысын абыроймен қорғады

polisia.kz

29-30 маусым аралығында Қытай Халық Республикасының Макао қаласында жауынгерлік самбодан Азия чемпионаты өтті. Сары құрлықтың сайдың тасындай іріктелген мықты спортшылары бас қосқан байрақты бәсекеде 25 мемлекеттен 450 спортшы жүлделер жиынтығын сарапқа салып, жеңімпаздардың есімдері белгілі болды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты арнайы-тактикалық даярлық кафедрасының оқытушысы, дзюдо мен самбодан спорт шебері Анар Сейтимова ұлттық құраманың намысын абыроймен қорғады. Ақтөбелік спортшы біріншілік барысында алдымен Өзбекстан мемлекетінің өкілін айқын басымдықпен жеңіп, алтын медаль үшін сынға түсуге жолдама алды. Ал финалда Түркіменстан елінің спортшысымен жолдары түйісіп, шиеленіске толы жекпе-жек өтті. Екі мықты бұған дейін 2022 жылы Ливан мемлекетінде өткен Азия чемпионатының финалында кездескен. Сондықтан бір-бірінің қыр-сырын жақсы біледі. Жекпе-жек тағдырын бір ұпай шешіп, жеңіс Анардың еншісіне жазылды. Қытайда көк туымыз желбіреп, Әнұранымыз шырқалды.


– Бұл жарысқа Алматы қаласындағы олимпиадалық резерв даярлайтын “Алексеевка” спорт базасында 14 күн дайындық жүргіздік. Біріншілікке тыңғылықты дайындық жүргізуге барлық жағдай жасалды. Чемпионат кезінде түркіменстандық спортшымен өткен финалдық жекпе-жек қиынға соқты. Алайда бапкерлердің нұсқауы мен тактикасын сауатты орындап, жеңіске лайықты деп танылдым. Осы орайда, біріншілікте бақ сынауға қолдау білдірген институт басшылығына алғысымды білдіремін, – деді спортшы. 

Бұл – Анардың Азия және Океания чемпионатындағы екінші алтыны. Бұдан бөлек дзюдодан Еуропа кубогінде екі рет, самбодан екі рет әлем чемпионатының жүлдегері атанған. Сонымен қатар спорттық самбодан 5 мәрте Азия чемпионатының алтынын иеленіп, бірнеше рет ел біріншілігінде топ жарған болатын.

Оқи отырыңыз: Жеңісті күндерде жүздескенше: Алматыда Амангелді Сейітханды еске алуға арналған турнир өтті