Дебрецен (Мажарстан) қаласында өткен бокстан Иштван Бочкай атындағы халықаралық турнир аяқталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі olympic.kz-ке сілтеме жасап.
Ұлттық Олимпиада комитетінің ресми сайтындағы ақпарат бойынша, Қазақстан ұлттық құрамасының 9 спортшысы финалға дейін жетті. Соның бесеуі алтын, төртеуі күміс жүлде иеленді. Алтын медаль жеңіп алған боксшылар қатарында Асхат Жүсіпов (48 келі), Асылжан Серікбай (57 келі), Бeйбарыс Жексен (60 келі), Ертуған Зейнуллинов (63,5 келі) және Ерасыл Жақпеков (80 келі) бар. Асхат Жүсіпов финалда Украина өкілі Андрей Тишковецтен басым түсті. Ақтық мәреде бақ сынап, чемпион атанған басқа қазақстандық боксшылар Мажарстан өкілдерімен бетпе-бет келді. Асылжан Серікбай Роланд Верешті ұтса, Бейбарыс Жексен Крузито Ковачты тізе бүктірді. Ал Ертуған Зейнуллинов Ричард Ковачты, Ерасыл Жақпеков Пал Ковачты жеңді. Финалда қарсыласына есе жіберіп, күміс жүлде иеленген қазақстандық боксшылар қатарында Даниял Сәбит (51 келі), Кенже Мұратұлы (54 келі), Сабыржан Аққалықов (71 келі) және Темірлан Мұқатаев (86 келі) бар.
Оқи отырыңыз: Тоқаев Қазақстан тарихындағы тұңғыш жасөспірімдер олимпиадасының чемпионын құттықтады