Ұлы дала ойындары: Алматыда дүбірлі дода аясында фестиваль өтті

05.08.2024 18:43

Ұлттық спорттың 12 түрінен мықтылар анықтады

almaty.tv

Алматыда өткен «Ұлы дала ойындары» фестивалінде 700-ден аса қатысушы бақ  сынады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Дүбірлі дода 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аясында ұйымдастырылған. Іс-шараға келгендер «Қазақ күресі», «Көкпар», «Аударыспақ», «Теңге ілу», «Бәйге» сынды ұлттық спорттың 12 түрінен өзара кім мықтыны анықтады. Ал Қазақстанда тұңғыш рет түйенің үстінде жамбы атқан Аружан Амангелдіқызы бұл жолы да еш мүдірмей, көпшілікке өз өнерін паш етті. Нысанаға жебені дәл тигізген ол бұған дейін де аталмыш спорт түрінен жоғары ұпайға ие болып, Гиннестің рекордтар кітабына енген.

- Бұйырса көшпенділер ойынына дайындалып жатырмыз. «Ұлы дала ойындарына» да үлкен дайындықпен келдік. Жалпы бүгінгі көрініс ойдан шықты. Қазақтың ұлттық ойындарын жеткілікті түрде дәріптедік деген ойдамыз, - деді қатысушы Аружан Амангелдіқызы.

Қала тұрғындары мен қонақтары жас өрендердің күресіне, мықтылардың семсер көтеріскен өнеріне куә болып, білектілердің қол күресін және аламан бәйгені тамашалады.

Атап айтсақ, құнан бәйгеге 33, аламан бәйгеге 63 тұлпар қатысқан. Ал екі жарыстың жүлде қоры 5 миллион теңгеге жуықтапты. Жиналған жұрт зергерлік өнердің хас шеберлері ұйымдастырған бұйымдар көрмесін тамашалап, олардың жасалу жолына назар салды.

- Бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аясында ұйымдастырылып отырған бұл фестивальдің мақсаты – ұлттық спортты дәріптеу. Іс-шараға 2000 аса адам келеді деп жоспарланған. Ал басты міндетіміз - қаламызда ұлттық спортпен айналысатындардың бар екенін көрсету және оларды қолдау, - дейді ұйымдастырушы Бауыржан Талғатұлы.

Оқи отырыңыз: Дүниежүзілік көшпенділер ойыны: ұлттық құраманың дайындығы қандай