Бокстан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының ширек финалына өткендер саны бойынша көш бастады. Сербияда өтіп жатқан байрақты додада 10 спортшымыз 1/4 -ші кезеңге жолдама алып, жүлдеге бір табан жақындады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кіл мықтылар бас қосқан турнирдің 7-ші күні отандастарымыз үшін сәтті өтті. 75 келі салмақта өнер көрсеткен Нұрқанат Райыс кезекті жекпе-жегінде ауғанстандық боксшымен қолғап түйістіріп, айқын басымдықпен жеңіске жетті.
«Әлем чемпионатына деген сенімділігіміз артып келе жатыр. Әр кездесуде жақсы өнер көрсетіп жатырмыз. Алла қаласа, бұдан басқа да жекпе-жектерде одан да тамаша өнер көрсетеміз деген ойдамыз», – деді бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Нұрқанат Райыс.
Ал 63 келіде өнер көрсететін Санатәлі Төлтаев 1/8 кезеңде украиналық Денис Песоцкиймен жұдырықтасып, мықтылығын дәлелдеді. Тартысты өткен кездесуде отандасымыз 5:0 есебімен басым түсіп, жартылай финалға бір табан жақындады.
Айта кетейік, бұған дейін Санатәлінің сыңары Саматәлі Төлтаев та әлем біріншілігінің келесі айналымына жолдама алған болатын.
«Бұл бір емтиханның топтамасы десек болады. Сол себепті өте қуаныштымын. Әлі алда тағы емтихан бар, соған дайындаламыз», – деді бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Санатәлі Төлтаев.
Одан бөлек, жарыс жолына шыққан Абылайхан Жүсіпов пен Сәкен Бибосынов және Нұрбек Оралбай мен Серік Теміржанов та сәтті өнер көрсетіп, қарсыластарынан басым түсті.
«Енді Алла қаласа, ертең тағы да жекпе-жек болады. Бізге жанкүйер болыңыздар. Міндетті түрде бәріңізді қуантуға бар күш-жігерімізді саламыз», – деді бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Абылайхан Жүсіпов.
Еске сала кетейік, бүгін 10 боксшымыз жартылай финалдың жолдамаларын еншілеу үшін шаршы алаңға қайта көтеріледі.
Мерей Қанапиянов, «Алматы» телеарнасы
Спорта хватит на всех! Главный спонсор спортивных эмоций дарит всем новым пользователям до 200 000 тенге! Смотри любимые спортивные события и побеждай вместе со своими фаворитами! Подробная информация на сайте и приложении!