|
22.07.2022 | 14:18
1404

Алматыда құзға өрмелеуден Орталық Азия чемпионаты басталды

Жарыс 24 шілдеге дейін жалғасады

Алматыда құзға өрмелеуден Орталық Азия чемпионаты басталды Almaty.tv

Алматыда тұңғыш рет құзға өрмелеуден жастар арасында Орталық Азия чемпионатының ашылуы өтті. Оған Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінен барлығы 100-ден астам спортшы қатысып, бақ сынайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жарыстың алғашқы күні қатысушылар 4 топқа бөлініп, құзға өрмелеудің 2 түрінен, яғни «Жылдамдық» пен «Қиындық» бойынша сайысқа түсті. Қазақстандық спортшылардың басым бөлігі сәтті өнер көрсетіп, жартылай финалға жолдама алды. Нәтижесінде жүлделі орындардың үшеуі де алматылықтарға бұйырып, 14 жастағы Дамир Тоқтаров жарыс жеңімпазы атанды.

«Мен болашақта Олимпиада чемпионы болғым келеді. Қазақстанның көк туын әлемге көрсетіп, әнұранын шырқатамын деген мақсатым бар», – деді жарыс жеңімпазы Дамир Тоқтаров

Ұйымдастырушылар бүгінде құзға өрмелеудің елімізде дамып келе жатқанын айтады. Әсіресе Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкентте аталмыш спортпен әуестенетіндер көп. Соның арқасында қазір Орта Азияда фаворитпіз дейді жаттықтырушылар.

«Мына Азия және халықаралық федерациялар бізге жарыс өткізіңдер деп өтінеді. Бұрын ондай жағдай болмаған. Енді бүгіннен бастап жағдай бар, спорттық қабырғамыз бар. Енді спортшыларымыз үлкен жеңістерге жетеді деп ойлаймыз», – деді құзға өрмелеуден Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Серік Егізбаев.

Айта кетейік, Орталық Азия чемпионаты 24 шілдеге дейін жалғасады. Ал жүлделі орындарға ие болған спортшылар тамыз айында АҚШ-та өтетін жастар арасындағы әлем чемпионатына жолдама алады.

Мерей Қанапиянов, Дидар Исаев, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир