Қанат Ислам соңғы рет 2019 жылы Алматыда жұдырықтасқан болатын
Орта салмақта жұдырықтасатын қазақстандық боксшы Қанат Исламның (27-0, 21 КО) келесі қарсыласы белгілі болды, деп хабарлайды Vesti.kz.
RingPolska мәліметінше, қазақстандық боксшы келесі жекпе-жегінде Хайме Мунгиямен (34-0, 28 КО) жұдырықтасады.
Ислам - Мунгия жекпе-жегі мексикалық Сауль "Канело" Альварес (53-1-2, 36 КО) және екінші орта салмақта WBO чемпионы ұлыбританиялық Билли Джо Сондерс (29-0, 14 КО) кездесуінің андеркартында өтеді.
Бұл бокс кеші 2 мамыр Лас-Вегастағы T-Mobile аренасында өтеді деп жоспарланған, алайда коронавирус пандемиясына баланысты ол туралы әлі күнге дейін ресми айтылмады.
Еске салайық, Мунгия орта салмаққа ауысып, бірінші жекпе-жегінде ирландиялық Гэри О’Салливанды (30-4, 21 КО) нокаутпен жеңген болатын.
Ал Қанат Ислам соңғы рет 2019 жылы Алматыда жұдырықтасты. Намибиялық Уолтер Каутондокваны (18-2, 17 КО) төрешілер шешімімен жеңген қазақстандық боксшы WBO International белбеуін қорғап қалған еді.