Маңғыстауда Адай жылқысын асыл тұқымды ретінде тану, ресми мәртебе алу мақсатында 100 шақырымдық ұзақ қашықтықта ат жарысынан халықаралық турнир өтеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі inform.kz-ке сілтеме жасап.
Аламан бәйгеде қазылық етуге Біріккен Араб Әмірліктерінен 6 төреші келеді. Дүбірлі додада 18 жастан асқан, салмағы 70 келіден кем емес шабандоздар бақ сынай алады. Сонымен қатар арнайы бас киімі мен жалпақ үзеңгісі, өкшелі етігі болуы шарт. Тұлпар тізгіндейтіндер тіркеуден өтіп, жылқы паспортын көрсетуге міндетті. Турнир 4 қараша күні Кендірлі демалыс аумағында басталады.
- 3-4 қараша күндері өтетін турнирге Қостанайдан, Ақтөбеден, Жетісу, Алматыдан, Өскеменнен шабандоз қатысады. Шашауына шаң жұқпас 30-дан аса жүйрік желмен жүйіткиді. Бәйгеге ат қосу 2 қарашаға дейін жалғасады. Жарыс 4 кезеңнен тұрады. Шабандоздар бірінші және екінші айналымда 30 шақырымдық қашықтықты шауып өтсе, үшінші және төртінші айналымда 20 шақырым қашықтықты еңсереді. Әр айналымнан кейін тұлпарлардың жай-күйі қатаң тексеріледі,- деді Қазақстан Республикасы ат спорты федерациясы РҚБ Маңғыстау облыстық филиалының басшысы Орынбасар Құлбеков.
Жалпы осындай ат жарысы 2011 - 2015 жылдар аралығында өтті, одан кейін 2022-2023 жылы «Ұлы дала жорығы» жарысында жалғасын тапты.
Басты мақсат - «Адай» жылқысының мәртебесін алу. Сондықтан тұлпар әр түрлі тексерістен өткеннен кейін ғана жүлде әділ түрде шетелдік сарапшылардың шешімімен беріледі.
Турнир 4 қараша сағат 8.00- де Кендірлі демалыс аумағында басталады. Ал салтанатты ашылу рәсімі сағат 12:00-де өтеді.
Оқи отырыңыз: Жібек Құламбаева сенсация жасады