Қысқы паралимпиада: биатлоннан қазақстандық 2 спортшы сынға түсті

06.03.2022 01:23

7 наурызда парашаңғышыларымыз өнер көрсетеді

Almaty.tv

Қытайда ХІІІ қысқы паралимпиада ойындары басталып кетті. Бүгін құрама сапынан 2 спортшымыз биатлоннан сынға түсіп, 6 шақырымға жүгірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жарыс жолына шыққан 2 отандасымыз үздік 20 атлеттің қатарынан көрінді. Сергей Усольцев мәре сызығын 22 минутта кесіп өтіп, 15-орынға тұрақтаса, Ербол Хамитов 16-орынға жайғасты. Енді 7 наурызда парашаңғышыларымыз өнер көрсетеді.  

«Бейжің қаласында қауіпсіздік шаралары бойынша күнде ПТР-тест тапсыру керек. Қауіпсіздік шаралары барлық спортшыға, делегация адамдарына ортақ. Сіздерден енді спортшыларымызды қолдап, пікір қалдыруларыңызды сұраймыз», - деді ҚР Ұлттық паралимпиада комитетінің спорт бойынша директоры Олжас Ақпамбетов.

Ал қазақстандықтар бірінен соң бірі паралимпиадашыларға сәттілік тілеп, әлеуметтік желілерде қолдау білдіруде.

«Қазақстан паралимпиада құрамасының мүшелеріне тек сәттілік тілегім келеді. Ел намысын осындай дүбірлі додада қорғау – сіздер үшін үлкен міндет әрі құрмет. Сіздерді әркез қолдауға дайынбыз», - деді ардагер футболшы Құралбек Ордабаев.