Алматыда жүгіруден марафон өтті. Жарысқа салауатты өмір салтын ұстанатын 5 мың адам қатысып, бақтарын сынады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Шараның ашылуында қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Спортшылар Республика алаңынан бастап, қала көшелерімен 10, 21 және 42 шақырымдық қашықта жүгіріп өтті.
«Біз қатысушыларымызды Ashyq бағдарламасы арқылы тексеріп, марафонға қатыстырып жатырмыз. Спортшылардың бұл күнді асыға күткені көрініп тұр. Осындай мүмкіндік берген Алматы қаласы әкімдігіне алғысымыз шексіз», – деді ұйымдастырушы Салтанат Қазыбаева.
Жарысты жүгіруді күнделікті дағдыға айналдырған қала тұрғындары асыға күткені анық. Олардың арасында түрлі салада қызмет ететін мамандардан бастап, кәсіби спортшыларға дейін бар.
Ұйымдастырушылар соңғы уақытта марафонға қатысу үшін еліміздің түкпір-түкпірінен және көршілес елдерден арнайы хабарласатындардың саны артқанын айтады. Тіпті, паралимпиадашылар да белсенділігімен көзге түсіп жүр.
«Осындай марафондар жиі болса екен деймін. Жастардың арнасы басқа жаққа емес, спортқа қарай бұрылады деп сенемін», – деді қатысушы Мақшат Мейіржан.
«Марафон өте жақсы өтті. Өзім Бішкектен жүгіру үшін арнайы келіп тұрмын. Осындай іс-шараларға жиі қатысамын. Ең бастысы еркін жүгіріп өткеніме қуаныштымын», – деді қатысушы Кирил Бевзюк.
Одан бөлек, еріктілер де спорттық шара кезінде жарақат алып немесе шаршап қалған қатысушыларға соңына дейін қолдау білдірді. Ал марафоннан түскен қаржы әдеттегідей қайырымдылыққа жұмсалмақ. Айта кетейік, ұйымдастырушылар мұндай жарысты келесі жылы көктем және күз айларында өткізуді жоспарлап отыр.
Мерей Қанапиянов, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы