Қанат Ислам «Канелоны» жекпе-жекке шақырды

21.02.2021 19:33

Боксшы жеңістен кейін сұқбат берген кезінде айтты

inform.kz

АҚШ-тың Флорида штатындағы Майамиде өткен бокс кешінде жеңіліп көрмеген қазақстандық боксшы Қанат Ислам (27-0, 21 КО) қарсыласы эквадорлық Джейсон Минданы (14-3-1, 8 КО) 7 раундта нокаутқа түсіріп, жеңіске жетті. Жекпе-жектен соң сұқбат берген боксшы "Канелоны" жұдырықтасуға шақырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

КОТV платформасында тікелей эфирден көрсетілген жекпе-жек 10 раундқа созылуы тиіс болатын. Алайда айқас барысында Қанат Исламнан екі рет нокдауын алған Джейсон Минда 7 раундта нокаутқа түсіп қалды.

Жеңістен кейін сұқбат берген Қазақстан боксшысы мексикалық Сауль Альваресті (54-1-2, 36 КО) жекпе-жекке шақырды. 

«Канело», vamos! Сен мені көріп отырсың, бақыттысың, мені жақсы көресің! Кел, жекпе-жекке шығайық»,– деді Қанат Ислам. 

Естеріңізге сала кетейік, бастапқыда Қанат Ислам ганалық Ободаи Саимен (35-3-1, 26 КО) жұдырықтасуы тиіс болатын. Алайда белгісіз себептермен африкалық боксшының жекпе-жекке шықпайтыны анықталды.