31 жастағы Алмаз Смайылқұлов Үлкен Алматы өзенінде вейкбордпен түрлі трюктер жасады. Бұл видео әлеуметтік желі қолданушыларын таңғалдырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Жігіттер, видео – бомба. Екеуі де керемет!», «Таңғалып тұрмын, ғажап!», «Сен мықты жігітсің, саған миллион лайк!» – деп желі қолданушылары спортшыға тәнті болғанын білдіріп жатыр.
Алмаз Смайылқұловтың айтуынша, су бетіндегі трюктер спортты танымал ету мақсатында жасалған.
«Роликті түсіру үшін алдымен қала әкімдігінен ресми түрде рұқсат сұрадық. Адам өмірде өз қорқынышын жеңе білуі керек. Бірақ вейкборд – қауіпсіз спорт. Су бетіндегі трюктер спортты танымал ету мақсатында жасалды. Мен түсірілім барысында қауіпсіздік киімін киіп алдым. Трюктерді әуесқойлар қайталамағаны дұрыс. Видеоны танымал видеограф түсірді», – дейді спортшы.