Жасыл ел: Алматыда биыл қанша жан жұмыспен қамтылады

29.05.2023 19:58

Жоба 2005 жылдан бері өткізіліп келеді

Almaty.tv

Алматыда «Жасыл ел» жобасы аясында 2 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылады. 14 пен 35 жас аралығындағы қатысушылар қаланы абаттандыру, көшет егу және аумақты көгалдандыру жұмыстарымен айналысады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жобаның ашылу салтанаты қаладағы демалыс саябағының бірінде өтті. Эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламадан кейін, «Жасыл ел» еңбек жасағының қатысушылары сол аумақты тазартуға кіріскен. Жастар арасында жұмыссыздықты азайту мақсатында қолға алынған жоба 2005 жылдан бері өткізіліп келеді.

– «Жасыл» ел жобасы жаз мезгілінде жүргізіледі. Маусым, шілде, тамаз айларында қатысушылар еңбек етеді. 2022 жылы еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшері – 60 мың теңге төленді. Биыл жалақы 70 мың теңгеге көтеріліп отыр. Ай сайын алады, – деді «Жасыл ел» маусымдық жұмысқа орналастыру жобасының жетекшісі Зухра Иманбаева.

Жоба жетекшісінің сөзінше, қызығушылық танытқандар саны жыл санап артып келеді. Мәселен, өткен жылы 1900 адам қатысса, биыл олардың саны 2000-нан асқан. Қатысушылар экологиялық рейдке шығып, құқықбұзушылықтың алдын алады.

«Жасыл ел» бағдарламасына биыл төртінші рет қатысып отырмын. Біз қаланың көгалдандыруына септігімізді тигіземіз. Жаңа таныс, орта табамыз. Белсенділігімізді арттырамыз, – дейді жобаға қатысушы Дана Білдебаева.

– Жатахқананың тегін болуы жастарға үлкен көмек, екінші жағынан, 70 мың теңге айлық бар. Онда қиналып кірпіш тасымаймыз, үй салмаймыз. Табиғатқа жанашырлығымыздың көрсетеміз, – дейді жобаға қатысушы Алшын Әбдікамал.