Бокс кеші 26 қазан күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында болады
Бокс кешінде 10 кездесу өтеді деп жоспарлануда. Соның 9-ында еліміздің былғары қолғап шеберлері шаршы алаңға шығады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Басты жекпе-жек жеңілмеген Қанат Ислам мен намибиялық Уолтер Каутондоква арасында өтпек. Жерлесіміздің қарсыласы 34 жастағы намибиялық кәсіпқой боксшы WBO рейтигінде ТОП-10 боксшының тізімінде. Бұл кездесуде бірінші орта салмақтағы WBO International титулы сарапқа салынады.
«Дайындық жоғарғы деңгейде. Соңғы 5 шілде күнгі жекпе-жектен кейін бізде мүлдем демалыс болған жоқ. Бір жылдық жарақат менің көп уақытымды алып қойды. Сол үшін көп демалуға мүмкіндік жоқ. Сол үшін әрі қарай дайындалып кеттік. Тауда болдық, қалаға келдік. Қазір спарринг жаттығуын жасап жатырмыз. Америкадан көмекші жаттықтырушымыз келді», – дейді кәсіпқой боксшы Қанат ИСЛАМ.
Алматы төріндегі бокс кешінде Қанат Исламнан бөлек, Арман Рысбек, Руслан Мырсатаев, Асқар Ерубек пен Нұрсұлтан Аманжолов сынды кәсіпқой боксқа енді қадам басқан жас спортшылар да қолғап түйістіреді.
Айта кетейік, бокс кеші 26 қазан күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді.