Спорт саласына түбегейлі өзгеріс қажет
Спорт саласына түбегейлі өзгеріс қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Азия ойындары жүлдегерлерін қабылдау кезінде айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тлшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев спорт саласы әрдайым мемлекеттің назарында болатынын айтты. Жыл сайын спортты дамыту үшін қомақты қаржы бөлінеді. Алайда, Президенттің пікірінше, еліміздің кәсіби спорттағы көрсеткіштері аса жоғары деңгейде емес.
– Ашығын айтуымыз керек, нәтижеміз мемлекеттен бөлініп жатқан қаражаттың барынша тиімді жұмсалмайтынын көрсетеді. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Спорт саласына түбегейлі өзгерістер, яғни реформа қажет. Тиісті министрлік осы мәселені жан-жақты қарап, спортты дамытудың мүлде жаңа жолдарын ұсынуы керек, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жуық арада спортты дамыту үшін қабылдануға тиіс нақты шараларға тоқталды. Президенттің айтуынша, ең алдымен, кәсіби спорт түрлеріне бөлінетін қаражаттың қайтарымын түбегейлі арттыруға көңіл бөлген жөн. Өңірлердің ерекшеліктеріне сәйкес нақты спорт түрлеріне баса назар аударып, қаржыны негізсіз жұмсау тәжірибесін тоқтату қажет. Сонымен қатар бұқаралық спорт пен дене шынықтыруды дамытуға көңіл бөле отырып, аталған саланы қаржыландыру моделін қайта қараған дұрыс. Сондай-ақ Президент спорт саласын басқару сапасын жақсартуды келесі басымдық ретінде атап өтті.
– Туризм және спорт министрлігі, Ұлттық олимпиада комитеті (ҰОК) және федерациялар арасында үйлесім жоқ. Спортты басқару институттарының қызметі мен өзара ықпалдастығына қатысты бүкіл жүйені қысқа мерзімде қайта қарау қажет. ҰОК-нің қызметін жетілдіру ісіне де назар аудару керек. Туризм және спорт министрлігі, ҰОК және федерациялардың жұмысын үйлестіруді түбегейлі жолға қою керек. Тиімді байланыстың, ықпалдастықтың және өзара жәрдемдесудің болмауы жақсы нәтижеге жеткізбейді, яғни, жеңіліске әкеп соқтырады. Париж Олимпиадасы қарсаңында мұндай келеңсіздікке жол беруге болмайды. Мемлекеттің бюджетінен қаржыландырылатын спорт федерацияларының қызметіне ревизия жасау қажет, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ұлттық құраманың дайындық деңгейін арттыру мәселесін негізгі міндеттің бірі ретінде атады. Мемлекет басшысының пікірінше, атлеттеріміздің жоғары деңгейде дайындалуы үшін спорт медицинасы мен фармакология бағытындағы заманауи инфрақұрылыммен жабдықтау маңызды. Бұл жерде Ұлттық спорт университеті негізгі рөл атқарады. Сондықтан оның құрылысын жылдамдату керек. Спорт саласында әлемдік деңгейдегі төрешілерді дайындауға күш салу қажет. Сондай-ақ жаттықтырушылар мен басқа да спорт мамандарының жалақысын көтеріп, қосымша әлеуметтік қолдау шараларын қабылдаған жөн.
Сонымен қатар спортшылардың резервін даярлау мәселесіне арнайы тоқталып, Үкімет пен әкімдер дарынды әрі болашағынан зор үміт күттіретін атлеттерге қолайлы жағдай жасауға тиіс екенін айтты.
– Елімізде үздік нәтижеге қол жеткізу үшін барын салып, еңбек етуге әзір қыз-жігіттер жеткілікті. Легионерлерге иек арта бермей, өзіміздің спортшыларға жол ашуымыз керек. Фаворитизм мен әділетсіздіктің кез келген түріне тосқауыл қойып, іріктеудің ашық және шынайы өткізілуін қамтамасыз ету аса маңызды. Халықаралық жарыстарда ел намысын үздіктердің үздігі ғана қорғауы керек. Отандық спортта әділеттілік қағидаты мен бәсекенің шынайылығы бірінші орында тұруға тиіс, - деді Президент.
Мемлекет басшысы сөзінің соңында өткен жарыстардағы олқылықтардан нақты сабақ алып, алдағы Париж Олимпиадасына тыңғылықты дайындалуға шақырды.
Оқи отырыңыз: Қазақ қызы Франция Сенатына сайлауға түседі