Алматыда аралас жекпе-жектен халықаралық NFC 37 турнирі өтті. Бәсі жоғары додаға ел атынан 8 спортшы қатысып, октагонда өнер көрсетті. Олардың арасында аты шулы Санжар Тәжиев және кештің басты кардында бақ сынап, жеңіске жеткен Серік Разғалиев бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Алматы Аренаға» жиналған халық кезекті рет тартысты кездесулердің куәсі болды. Турнирде 24 спортшының қатысуымен 12 жекпе-жек өтті. Көпшілік ақтөбелік Санжар Тәжиев пен белоруссиялық Витал Павловский арасындағы реваншты асыға күтті. Себебі отандасымыз бірінші жекпе-жегінде төрешілердің шешімімен жеңіске жетсе де, қарсыласы оны мойындамай үлкен шу көтерген болатын. Бұл жолы Санжар белоруссиялық спортшыны ауыр соққының астына алып, 1-ші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
«Алланың қалауымен жеңіске жеттім. Көп сөз айтылды. Айтқанымдай, бірінші жекпе-жекке дым дайын емес болдым. Екінші жекпе-жекке толығымен дайындықтан өттім. Енді NFC промоушены кіммен қояды, сонымен төбелесуге дайынмын», - деді файтер Санжар Тәжиев.
Бүгінде отандық NFC лигасы елімізден бөлек, Орта Азияда үлкен беделге ие. Жақында ғана әлемдік рейтингтегі үздік 25 лиганың қатарынан көрінген болатын.
«Мұндағы атмосфера жақсы. Керемет жекпе-жектер мен нокауттардың куәсі болдық. Шыны керек, қазіргі жастардың аралас жекпе-жек спортына ден қойып, салауатты өмір салтын ұстануы бізді қуантады», - деді ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі Дамир Аманжолов.
Қазақ спортшыларына қолдау көрсету үшін келетін жанкүйерлердің қатары да күн санап артып келеді. Олардың ойынша алдағы уақытта Шавкат Рахмоновтың жолын Асу Алмабаев пен Фаниль Рафиков қайталау мүмкін.
«Аралас жекпе-жекке жастар арасында қызығушылық өте жоғары. Себебі жауынгерлік қасиет қазақтың қанында бар ғой. Ата-бабаларымыздан келе жатқан қызу қандылық та бар», - деді көрермен Қуандық Бектасұлы.
«Мен осы спорттың жанкүйерімін. Үнемі бұл спортты жібермей көреміз. Қазақ жігіттеріне келіп, осылай демеу береміз», - деді көрермен Ғани Тілеубаев.
Ұйымдастырушылардың ендігі мақсаты – көршілес елдерде осындай кеш ұйымдастырып, лиганың беделін арттыру.
Мерей Қанапиянов, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы
Спорта хватит на всех! Главный спонсор спортивных эмоций дарит всем новым пользователям до 200 000 тенге! Смотри любимые спортивные события и побеждай вместе со своими фаворитами! Подробная информация на сайте и приложении!