Алматыда бәйгеден Қазақстан чемпионаты өтті

Almaty.tv
Almaty.tv
Финалда еліміздің бірнеше өңірінен 160-тан астам тұлпар қатысты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда бәйгеден Қазақстан чемпионатының финалы өтті. Дүбірлі доданың жалпы жүлде қоры – 82 млн 500 мың теңге, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Салтанатты шара алдымен «Ұлы дала жорығы-2023» марафон-бәйгесінде 3-орын иемденген Алматы қаласының командасын марапаттаумен ашылды. Араға көп уақыт салмай, ардагер атбегі Сәбит Жанкөліковтен ақ бата алған шабандоздар атқа отырып, жарысты бастады. Чемпионат финалы бәйгенің 7 түрі бойынша өтті.

– Бірінші келген ат елде туған. Оның әкесі Жаңа Зеландияда туған, Австралияда шапқан. Оңтүстік Африкадан алып келдім, – деді Qazaq jockey club-ының төрағасы Мақсат Ақаев.

Бәйге – ұлттық спорттың ішіндегі ең маңыздыларының бірі. Қазір жарыс кестесі жарияланған арнайы күнтізбе дайындалған. Бәйге федерациясының президенті «ұлттық спорт түрі жылдан-жылға жаңа деңгейге көтерілгенімен, әлі шешімін таппаған мәселелер де аз емес» дейді.

– Елімізде спортқа аттар арнайы дайындалып, бөлек қарамайды. Қазір мемлекеттік деңгейде осы мәселеге қатысты жұмыс істеп жатырмыз, – деді Қазақстан бәйге федерациясының президенті Қанат Көпбаев.

Финалда еліміздің бірнеше өңірінен 160-тан астам тұлпар қатысты. Жарыс ұйымдастырушылары төртінші, бесінші орын алған шабандозды да ұмыт қалдырмай, ақшалай сыйлықпен марапаттады.

– Жүлде қоры үлкейген сайын бәйгенің аттарының да деңгейі өсе береді. Осы уақытқа дейін аттың бағасы 12 000-10000 доллар болса,  қазір жылқыны 30 000, 50 000, 60 000 долларға сатып алып жатыр, – деді Qazaq jockey club-ының төрағасы Мақсат Ақаев.

Биыл 36 шақырымға созылған аламан бәйге тұңғыш рет өткізілді. Чемпионатқа Ұлттық спорт қауымдастығы мұрындық болды.

Жарыс қорытындысы бойынша бірнеше жеңімпаз іріктелді:

Ұшқыр бәйге сайысы бойынша І орынды шабандоз Дидарбек Күрішбек иеленді. 1-орын үшін жүлде қоры 2 500 000 млн теңгені құрады.

Құнан бәйге сайысында шабандоз Арнат Мұратхан Жұлдызай тұлпарымен жеңіске жетті. Мұнда 1-орын үшін жүлделі қор 5 000 000 млн теңгені, 2-орын үшін - 2 500 000 млн теңгені және 3-орын үшін - 1 500 000 млн теңгені құрады.

Жорға жарыс сайысында I орынды шабандоз Мақсат Мүсілімұлы Банзай атымен жеңіп алды. 1-орын үшін жүлде қоры 3 000 000 млн теңгені құрады.

Құнан бәйгенің финалдық жарысында шабандоз Арнат Мұратхан бірге Зымыран арғымағымен жеңімпаз атанды. 1-орын үшін жүлде қоры 5 000 000 млн теңгені құрады.

Топ бәйге сайсында жарыс қорытындысы бойынша бірінші жүлдені шабандоз Абзал Тұрмыс Тұмар есімді атымен жеңіп алды. 1-орын үшін жүлде қоры 8 000 000 млн теңгені, 2 орын үшін - 3 000 000 млн теңгені және 3 орын үшін - 1 500 000 млн теңгені құрады.

Аламан бәйге бойынша I орынды шабандоз Әлішер Тілек  Құпия  есімді арғымағымен иеленді. 1-орын үшін жүлде қоры 10 000 000 млн теңгені құрады.

Ұлы Алман  бәйгесінде І орынды Шағала атымен шабандоз Асланбек Әбдіхал  жеңіп алды. 1-орын үшін жүлде қоры 9 000 000 млн теңгені құрады

Чемпионаттың музыкалық көңіл күйін Федерация амбассадоры Асылбек Еңсепов, қазақ эстрадасының сүйікті әртістері Медеу Арынбаев пен Әзімбек Бейлин көтерді. Іс-шара аясында «Ұлттық киім - ұлт ажары» байқауы ұлттық костюмдер байқауы өтті.  Оның жеңімпазы Бақытгүл Пардаева болды.

Айта кетерлігі, келер жылы чемпионатқа жаңа қалаларды қосу және қатысушылар үшін жүлде қорын ұлғайту жоспарлануда.

Жансая Олжабек, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: XIX жазғы Азия ойындарының жеңімпаздары елге оралды

Новости партнеров