Чемпиондардың өмір бойғы төлемақысы 306 мың теңгеге дейін көбейтіледі

© Sputnik / Тимур Батыршин
© Sputnik / Тимур Батыршин
Жаңа мәдениет және спорт министрі мемлекет спорттық карьерасы аяқталған чемпиондардан теріс айналмауы керек деп есептейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз


Чемпиондарға өмір бойына төленетін төлемақы 306 мың теңгеге дейін көбейтілмек. Осылай деген мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев мемлекет спорттық карьерасы аяқталған чемпиондардан теріс айналмауы керек деп есептейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оның айтуынша, қазір спортта жоғары нәтиже көрсеткендерге берілетін қосымша төлем 70 мың теңге шамасында және бұл дұрыс емес.

«Қазіргі таңда еңбек өтілі жоқ біліктілік деңгейі орташа жаттықтырушы 63 мың теңге жалақы алады. Осыған байланысты дене шынықтыру факультеттерінің түлектері спортты таңдамайды, олар қызмет көрсету саласы, күзет фирмалары, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатарын толықтырып жатыр», - дейді ҚР мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

Ал Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов спорт федерацияларының жауапкершілігін күшейту керек деді. Ол федерациялар басшыларының жауапкершілігі төмен екенін де баса айтты.

«Осыған орай әрбір олимпиадалық циклге арналған меморандумдарды федерациялармен рәсімдеу тәжірибесін енгізуді тапсырамын. Осы жылдан бастап федерацияларды мемлекеттік қаржыландыру көлемі олардың нәтижелері мен қызметтеріне байланысты айқындалуы тиіс», - деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.


Новости партнеров