Біріккен Араб Әмірліктерінде дзюдодан өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері Абиба Абужақынова елге оралды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Үшінші орын үшін таласта түркиялық палуан Тугче Бедерден айласын асырған спортшымыз, жартылай финалда моңғолиялық дзюдошыға жол берген еді. Бұл – Абибаның әлем чемпионатындағы екінші қоласы. Бұған дейін Ташкенттегі біріншілікте де үшінші орыннан көрінген. Абибамен бірге 48 келіде бақ сынап, екінші айналымда сүрінген Ғалия Тынбаеваны да Алматы әуежайынан жақындары мен өзге де әріптес спортшылар қарсы алды. Ал қола медальды қанағат тұтқан дзюдошы жартылай финалда қарсыласқа дайындаған әдісінің сәтсіз болғанын жеткізді.
– Моңғол қызына қарсы өз әдісімді пайдаланып үлгермедім. Менімен алыстан күресті, – деді әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Абиба Әбужақынова.
Ал ел үмітін ақтауға барған ерлер құрамының біріншілік кезінде жолы болмады. Елдос Сметов белдесуді бесінші орынмен аяқтаса, өзге спортшылар да қарсыластарынан айласын асыра алмады. Әлем чемпионатынан кейін Париж олимпиадасына баратындардың есімі анықталатын болады.
Оқи отырыңыз: Қазақстанға шетелден легионер тарту қиындайды