Республикалық жарыс 19 мектептің арасында өтті
Алматылық оқушылар волейболдан өткен республикалық турнирде жеңіске жетті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2022 жыл – Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Осыған орай Ұлыстың ұлы күні қарсаңында мектеп оқушылары арасында волейболдан республикалық турнир өтті. Қазақстан Волейбол федерациясы мен «Білім-Инновация» ХҚҚ-ның ұйымдастыруымен өткен республикалық турнирде республиканың түкпір-түкпірінен жиналған оқушылар өзара сайысқа түсті. Республикалық жарыс 19 мектептің арасында өтті. Мұндай игі іс-шараға «Білім-Инновация» ХҚҚ мұрындық болып отыр.
Жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихатталуына және оқушылар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға мұндай турнирлер оң әсер етпек дейді ұйымдастырушылар.
«Қазіргі уақытта шетелдегі ең мықты ЖОО балалардың тек білім деңгейіне ғана емес, жан-жақтылығына баса назар аударады. Спорттағы жетістіктеріне байланысты шетелдің ең беделді ЖОО білім гранттарын жеңіп алған оқушыларымыз жетерлік. Әрі бұл үлкен мотивация. «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты лицей оқушылары тек білім олимпиадаларында ғана жетістікке жеткен жоқ. Текбол, футбол, тэквандо, қазақ күресі сияқты қалалық, республикалық жарыстардан жүлделі орындарды иеленді. Салауатты өмір салты мектептерді өте жоғары деңгейде насихатталады. Өздеріңізге мәлім, биыл «Балалар жылы» деп жарияланды. Жыл соңына дейін республикалық деңгейді бірнеше іс-шараны өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді «Білім-Инновация» ХҚҚ вице-президенті Нұрбол Төлебаев.
Екі күнге созылған республикалық турнирде Алматы БИЛ оқушылары бас жүлдені жеңіп алды. «Ауыспалы кубокке» қол жеткізген Алматы БИЛ командасының ойыншысы Али Тұрсын жарыстан алған әсерін бөлісті.
«Әрине, қуанышымда шек жоқ. Бұл – ұйымшыл әрі мықты команданың жеңісі. Былтыр осы кубокты павлодарлық оқушылар жеңіп алған. Биыл Тәуелсіздіктің бесігі – Алматыға қайтарып алдық. Ұстаздарыма, бапкеріме, ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Оқушылар арасында тек ой(білім) жарыс қана емес, спортакиадалар да өтіп тұрғаны дұрыс. Дененің саулығы бәрінен маңызды ғой. Ата-аналарымыз қуанып қалатын болды», – деді Али Тұрсын.
Республикалық турнирдің нәтижесі бойынша:
1-орын: Алматы БИЛ
2-орын: Екібастұз БИЛ
2-орын: Тараз БИЛ
3-орын: Өскемен қаласындағы Жамбыл атындағы гимназия
3-орын: Шымкент БИЛ
3-орын: Жамбыл Инновациялық Жоғарғы Колледж
Қыздар арасында өткен жарыста қыз балаларға Шымкент БИЛ бас жүлдені иеленді. Жарыс нәтижесі төмендегідей:
1-орын: Шымкент БИЛ
2-орын: Тараз БИЛ
2-орын: Нұр-Сұлтан БИЛ
3-орын: Павлодар БИЛ
3-орын: Ақтөбе БИЛ
3-орын: Ақтөбе БИЛ
3-орын: Қарағанды БИЛ
Сондай-ақ турнир соңында үздік ойыншылар да марапатталды.
«Үздік тосқауылшы» – Арлен Байбосын
«Үздік үлестіруші» – Серік Тамерлан
«Үздік шабуылшы» – Инаятулла Мұхаммет
«Үздік ойыншы» – Асылбай Бағжан
«Үздік бапкер» – Данабек Қуатбай