Қазақстан құрамасы гимнастикадан соңғы 14 жылда болмаған нәтиже көрсетті
XIX жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы гимнастикадан соңғы 14 жылда болмаған нәтиже көрсетті. Бұл спорт түрінен өнер көрсеткен 25 жастағы Нариман Құрбанов қола жүлдеге қол жеткізген еді. Отандасымыз жарыс кезінде 15.100 балл жинап, үштікке ілінді. Бүгін журналистермен кездескен Азия ойындарының жеңімпаздары баспасөз жиынын өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Пневматикалық мылтық ату – елімізде кенже дамыған спорт түрі. Ол қырағылық пен аса сақтықты қажет етеді. Соған қарамастан еліміз осы спорт түрінен әлем елдері арасында жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Оны Қытайда өткен XIX жазғы Азия ойындарында отандастар дәлелдеді. Ел атынан барған Александра Ле мен Ислам Сәтбаев көптің арасынан үздік шықты.
– Біздің елде спорттың түрлеінен дайындық жүргізу үшін барлық жағдай бар. Бұл егемендігіміздің жемісі деп білемін. Осы ретте алдағы 25 қазан Республика күнімен қазақстандықтарды құттықтаймын. Еліміздің көк байрағы әлемдік аренада желбірей берсін, – деді оқ атудан Азия ойындарының қола жүлдегері Ислам Сәтбаев.
Ал гимнастикадан еліміздің намысын қорғауға 24 спортшы барған еді. Олардың арасынан 25 жастағы Нариман Құрбанов үздік атанып, қола медаль иеленді. Отандасымыз жарыс кезінде 15.100 балл жинап, үштікке ілінді. Дәл осы спорт түрінен мұндай нәтиже елімізде соңғы 14 жылдан бері болмаған екен.
– Негізі алтын медаль алуды мақсат тұттым. Өз тарапымнан қателік болды. Алдағы жылы ақпан айында әлемдік кубок сарапқа салынады. Дайындықты бастаймыз, – деді спорттық гимнастикадан Азия ойындарының қола жүлдегері Нариман Құрбанов.
Елімізде енді қолға алына бастаған спорт түрі – жағажай волейболы. Ұлттық құраманың бас бапкері бұл бағытта жаттығатын арнайы зал жоқ екенін айтты. Сол себепті спортшылар жаз мезгілінде ғана дайындық жүргізуге мәжбүр. Ендігіде жағдай жасалса, әлемдік белесте спортшылардың үлкен нәтиже көрсететініне сенім білдірді.
– Жағажай волейболынан біздің құрама қола жүлде алды. Соңғы ойында қарсыласымыз Катар елінен келген спортшылар болды. Катар – жағажай волейболынан әлемде үздік үштікке кіретін ел. Ойын кезінде есе жіберіп, қола иелендік. Біз спортшыларды ары қарай да дайындаймыз. Талантты ойыншы көп, – деді Қазақстан құрамасының бас бапкері Денис Ровкин.
Айта кетейік, Қытайдың Ханжоу қаласында өткен XIX жазғы Азия ойындарында Қазақстан жалпыкомандалық есепте 11-орынға тұрақтаған еді. 45 мемлекеттің 11 мыңға жуық спортшысы бақ сынаған додада ұлттық құрама 10 алтын, 22 күміс, 48 қола медаль алды.
Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: XIX жазғы Азия ойындарының жеңімпаздары елге оралды