Кёрлингтен халықаралық турнирде Қазақстан құрамасы тұңғыш рет жүлде алды

Кёрлингтен халықаралық турнирде Қазақстан құрамасы тұңғыш рет жүлде алды
«Алматы Аренада» 3 күн қатарынан өткен турнир өз мәресіне жетті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Кёрлингтен Қазақстан құрамасы тұңғыш рет халықаралық турнирде жүлде алды. Алматыда өтіп жатқан Әлем кубогі өз мәресіне жетіп, ел спортшылары үздік үштіктен көрінді. Байрақты бәсекенің соңғы күнінде 6 мемлекеттен барлығы 12 команда қатысып, өзара бақ сынады. Елімізде алғаш өткен жарыстың жабылу салтанатында жеңімпаздар марапатталып, қаржылай сый-сияпатқа ие болды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.  

«Алматы Аренада» 3 күн қатарынан өткен турнир өз мәресіне жетті. Бәсі жоғары додада Жамбыл облысынан келген Азизбек Нәдірбаев пен Ақгүл Құмар қола медаль еншілеп, Қазақстан тарихында кёрлингтен қоржынға олжа салған тұңғыш жүлдегер атанды. Ал Назарбаев атындағы кубокты Финляндия құрамасы еншілесе, екінші орынға Ресей спортшылары жайғасты.

«Керлингпен 3 жылдан бері айналысамын. Жоспар – әлемге Қазақстанның атын шығару. Келесі айдың 5-ші жұлдызынан бастап Түркияда жарыс өтеді», – деді турнирдің қола жүлдегер Азизбек Нәдірбаев.

Әлем кубогінің жабылу салтанатына Халықаралық және еліміздің кёрлинг федерациясының өкілдері қатысып, спортшыларға алғысын білдірді.

«Осы турнирде Финляндия, Швейцария, Ресей сияқты елдердің ең мықты командаларымен бірге болып, солардан біраз нәрсе үйрендік... Себебі, осынждай жарыстар арқылы біздің де деңгейіміз өседі. Біздің жігіттер ойын тәсілін, ережелерін жақсы біледі», – деді ҚР Кёрлинг федерациясының президенті Амантай Күренбеков.

Одан бөлек, өзге елден келген қатысушылар да турнирдің жоғары деңгейде өткенін әрі Алматыда туризм саласы жақсы дамығанын алға тартты.

«Ұйымдастыру жағы, барлығы қатты ұнады. Жарыстың деңгейі жоғары болды. Алматы өте әдемі қала екен», – дейді турнирдің күміс жүлдегері Алевтина Муравьева.

«Алматының таулары қатты ұнады. Қысқы спортқа ерекше көңіл бөлінген. Алдағы уақытта тағы да келгім келеді», – дейді турнир жеңімпазы Маркус Сипила.

Айта кетейік, ұйымдастырушылар алдағы қараша айында Азия елдері арасында да әлем кубогін және келесі жылы бірнеше халықаралық турнир өткізуді жоспарлап отыр.

Мерей Қанапиянов, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров