Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатында бүгін, 10 желтоқсанда жартылай финалға берілетін үшінші жолдаманы Марокко мен Португалия сарапқа салады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Кездесу елорда уақытымен 21.00-де басталып, «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Ойын ел астанасы Доха қаласындағы 44400 адамға арналған «Эль-Тумама» стадионында өтеді. Бас төреші - аргентиналық Факундо Тельо. Оған отандастары Эсекьель Брайловски мен Габриэль Чаде көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші - Иван Бартон.
FIFA рейтингінде Марокко– 22, Португалия 9-орында тұр.
Екі құрама бұған дейін екі мәрте кездесті. 1986 жылы әлем чемпионаты финалдық сатысы алтыншы тобында сынға түскен Марокко құрамасы Португалияны 3:1 есебімен тізе бүктірді. Ал 2018 жылғы әлем чемпионаты финалдық сатысы В тобында Португалия аталған қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсті.
Топтық кезеңде F тобында сынға түскен Марокко Хорватиямен 0:0 есебімен тең түсіп, Бельгияны 2:0, Канаданы 2:1 есебімен жеңді. 1/8 финалда Испаниямен 0:0 есебімен тең түсіп, пенальти тебуден мергендік танытты.
Ал H тобында Португалия Гананы 3:2, Уругвайды 2:0 есебімен жеңіп, Оңтүстік Кореяға 1:2 есебімен жол берді. Ал 1/8 финалда Швейцарияны 6:1 есебімен қапы қалдырды.
Әлем чемпионатында Марокко алтыншы мәрте қатысып отыр. Бұған дейін 1986 жылы 1/4 финалға шықса, қалғанында топтық кезеңнен аса алған жоқ.
Португалия құрамасы жетінші мәрте қатысып, 1966 жылы үшінші орынға тұрақтады. Қалғанында жарыстың түрлі сатысында болды.
Айта кетсек, елорда уақытымен 1.00-де Англия және Франция кездесуі «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.