Керлингтен Қазақстан әйелдер құрамасы тұңғыш рет Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды. Бір аптаға созылған байрақты додада отандастарымыз сәтті өнер көрсетіп, үздік үштіктен көрінді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазір Жапония мен Оңтүстік Корея құрамалары арасында финалдық ойын өтіп жатыр. Таблодағы көрсеткіш бойынша әзірге ерлер мен әйелдер арасында кореялық спортшылар алда келе жатыр.
Айта кетейік, осы 2 мемлекет Азиядағы ең мықты команда саналады.
Керлингтен Тынық мұхиты мен Азия елдері арасындағы кезекті чемпионат өз мәресіне жетті. Жарыстың соңғы күнінде жүзден жүйріктер белгілі болып, үздіктері анықталды. Ерлер арасында Оңтүстік Корея спортшылары топ жарса, әйелдер арасында жапониялықтардың мерейі үстем болды. Ал ел атынан сынға түскен спортшыларымыз күтпеген жерден қоржынға олжа салып, турнирдің қола жүлдегері атанды.
«Көңіл күйіміз өте керемет! Тіпті сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бұл – біз көптен күткен орын, көптен күткен медаль. Өте қуаныштымын. Командадағы спортшылар да өте қуанышты», – дейді кёрлингтен Азия чемпионатының қола жүлдегері Ситора Аллиярова.
Одан бөлек, жарыстың жабылу рәсімі де жоғары деңгейде өтті. Салтанатты шарада қазақтың ұлттық киімдері мен аспаптары таныстырылып, күйлер тартылды.
«Бізге Қазақстанның табиғаты мен мәдениеті ерекше ұнады. Келгеніме еш өкінбеймін. Турнир де жоғары деңгейде өтті. Ең бастысы – чемпион болдық. Ендігі мақсатымыз – олимпиада ойындарында топ жару», – деді кёрлингтен Азия чемпионы (Жапония) Анна Омиа.
Еске сала кетейік, байрақты додаға 13 мемлекеттен барлығы 100-ге жуық спортшы қатысты. Федерация өкілдерінің жарыс алдында қалай да бір медаль аламыз деген жоспары орындалып, келесі мақсаты айқын болды. Ол – қаңтар айында Финляндияда өтетін халықаралық чемпионатта үздіктер қатарынан көріну.
Мерей Қанапиянов, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы