Әлем кубогы: қазақстандық спортшылар медальсіз қалды

02.03.2020 21:13

Фристайлдың могул түрінен Әлем кубогының кезекті кезеңі өз мәресіне жетті

Almaty.tv

Алматыда фристайлдың могул түрінен Әлем кубогының кезекті кезеңі өз мәресіне жетті. Шымбұлақ тау-шаңғы курорты 14 елден келген 75 спортшыны қабылдады. Алайда Қазақстан намысын қорғайтын спортшылардың біреуі соңғы сәтте жарыс жолына шықпай қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Айтулы аламанда отандастарымыз қалай өнер көрсетті, жеңіс тұғырына кімдер көтерілді?

Іле Алатау баурайында осымен екінші мәрте өткен Әлем кубогы кезеңінде көпшілік күтпеген жағдай орын алды. Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Қазақстан құрамасының көшбасышысы жарыс жолына шықпай қалды.

«Бапкерлер кеңесі және дәрігерлер Юлияның жаттығу кезінде алған жарақатына байланысты жарысқа шығармауға байланысты шешім шығарды. Жарақатының қаншалықты ауыр екендігі және келесі кезеңдерге қатысу не қатыспауы әзірге белгісіз», – деді  Могулдан Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Елена КРУГЛЫХИНА.

Юлиядан өзге екі ару әлем кубогы кезеңінде өнер көрсетті. Өкіншіке қарай, екеуі де алғашқы айналымнан ары аса алмады. Ал ерлер арасында Параллель могул бойынша өткен сайыста бес қазақстандық бақ сынады. Медальдан үмітті Павел Колмаков жартылай финалда сүрінсе, Дмитрий Рейхард төртінші орыннан көрінді. Жарыс нәтижесі бойынша жапониялық Икума Хоришима жеңімпаз атанды. Канадалық Микаэл Кингсбери күміске қол жеткізге, Лорен Дюма қоланы қанағат тұтты.

«Ешқандай өкініш жоқ. Төртінші орын да жаман емес. Әлі алда бірнеше кезең бар. Сондықтан жалпы есепте алдыңғы қатарда болу үшін әрбір аламанда алған ұпайлар маңызды. Дегенмен өз отанымда медаль алғым-ақ келген. Бәрі біз ойлағандай бола бермейді», – деді  Фристайлдан Қазақстан құрамасының мүшесі Дмитрий РЕЙХАРД.

Әйелдер арасында бәсекені қазақстандық Аяулым Әміренова 24-ші, ал Олеся Грауэр 18-орынмен аяқтады. Әлем Кубогы кезеңін АҚШ спортшысы Джейлин Кауф жеңіп алса, «күміс» австралиялық Джакар Энтониға бұйырды, «қола» Франция құрамасының өкілі Перрин Лафонның қанжығасында кетті.

«Әлем кубогының кезеңі жоғары деңгейде өтті. Жарыс жолы қиын болды. Десе де барымызды салуға тырыстық. Могулдың паралель түрінен өткеніне қуаныштымын», – деді Фристайлдың могул түрінен Әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы Джейлин КАУФ.

Барлық спортшылар үшін Могулдан жарыс аяқталған жоқ. Келесі демалыста қазақстандық спортышлар Красноярс қаласында өтетін Әлем кубогының кезекті кезеңіне дайындық бастайды.

Арнат Дүйсен, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы