Алматыда бокстан қыздар арасында республикалық біріншілік өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Чемпионатқа еліміздің 16 өңірі мен 3 қаласынан 150-ге жуық спортшы қатысуда. Олар 26 салмақ дәрежесі бойынға сынға түсіп, өзара мықтыны анықтайды. Аталмыш турнир 2000 жылғы Сидней олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимовтың құрметіне ұйымдастырылыпты.
«Бұл турнирде Қазақстан құрамасы жасақталады және бұл қыздар алдағы уақытта Азия мен әлем чемпионаттарында өнер көрсетіп, Қазақстан намысын қорғайтын болады», – деді бокстан олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов.
Айта кетейік, «жүзден жүйрік мыңнан тұлпар» атанғандардың есімі 4 желтоқсан күні белгілі болады. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен грамоталар табысталады.
«Турнирді ұйымдастырып отырған спорт басқармасы мен қалалық бокс федерациясына және осы кешеннің ұйымына үлкен рахметімізді айтамыз», – деді мамандандырылған жоғары спорт мектебінің басшысы Сағат Сырлыбаев.