«Осы жеңісімді спортты қолдап жүрген ағаларыма арнаймын»: Шавкат Рахмонов елге оралды

Almaty.tv
Almaty.tv
Спортшы мансабында 16 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Осы жеңісімді спортты қолдап жүрген ағаларыма арнаймын». Елге оралған Шавкат Рахмонов осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгінде әлем назарына ілікен спортшы мансабында 16 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Алматы әуежайына жиналғандар спортшыға лайықты құрмет көрсетіп, ыстық ықыласпен күтіп алды. Әсіресе Шавкаттың келуін асыға күткен жанкүйерлердің қуанышында шек жоқ.  

«UFC жекпе-жектерін үзбей көремін. Өзім Шавкаттың жанкүйерімін. Бүгін келеді дегенде алтын уақытымды қиып, келіп тұрған жайымыз бар. Мұндай елдің намысын арқалап жүрген азаматтарымыздың мәртебесін биіктетіп күтіп алмасақ несіне қазақ боп жүрміз. Осындай бауырларымыз аман болсын», – деді жанкүйер Батырхан Сәтиев.

Айта кетейік, отандасымыз UFC-дегі өзінің 4-жекпе-жегін басты кардта Нил Мэгниға қарсы өткізді. Алғашқы минуттан-ақ басымдықты өз қолына алған Шавкат америкалық спортшының еркін көсілуіне мүмкіндік бермеді. Шавкат 2-кезеңде де шабуылын тоқтатпай, қарсыласын ауыр соққының астына алумен болды. Раунд аяқталуға 3 секунд қалғанда спортшымыз қылқындыру әдісімен жеңіске жетті.

«Негізінде қарсыласымды мықты деп ойлағам. Жекпе-жекте оның жағдайы белгілі болды. Бастысы жеңіске жеттік. Кім екенімізді көрсеттік», – деді файтер Шавкат Рахмонов.

Лас Вегас 57 турнирі қазақстандықтар үшін есте қаларлықтай жекпе-жек кеші болды. Октагонда Шавкаттан бөлек ел атынан Сергей Морозов және Қытай атынан этникалық қазақ Сайран Нұрданбек өнер көрсетіп, екеуі де жеңіске жетті.  

«Шавкатпен физикалық және дайындық тұрғысында жаттығуларымыз тауда өткен болатын. Керемет дайындықпен қазақ елі жеңіске жетті. Шавкаттың өскені. Бұл артынан еріп келе жатқан спортшыларға, жасөспірімдерге үлкен септігін тигізіп, мотивация болады», – деді спортшы Қазбек Сағын.

Шавкаттың ендігі мақсаты аздаған демалыс алып, жыл соңына дейін бір жекпе-жек өткізуді жоспарлап отыр. Жартылай орта салмақ рейтингінде үздік ондыққа кіретін отандасымыз октагонда кіммен болса да жұдырықтасуға дайынмын дейді.

Мерей Қанапиянов, Дидар Исаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров