Жеңілмеген қазақ боксшы Жанқош Тұраровтың (24-0, 17 КО) бүгінгі, 3 сәуірге жоспарланған БАӘ-дегі жекпе-жегі өтпейтін болды. Спортшы Instagram-парақшасында себебін жазды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
«Бүгінгі турнирде өкінішке қарай өнер көрсете алмайтын болдым. Барлығы дүние жүзін жаулап тұрған короновирусқа байланысты. Дубайға келген күннен бастап ентігу, дене қызуының көтеліруі, мұрынның бітуі, дәм сезбеу симптомдары пайда болды. Турнирге шығар алдында міндеттелген ПТР-тест оң нәтиже көрсетіп, мені қонақүй номерінде оқшаулады, салмақ өлшеу рәсіміне шығарылмауымның себебі осы болды», - деп жазды Жанқош Тұраров Instagram-да.
Боксшы салмақ өлшеу рәсімі қалай өткенін де айтты.
«Бірақ ештеңеге қарамастан номер ішінде де скакалка секіру, жүгіру арқылы жаттығуды тоқтатпай өз формамды ұстап, бекітілген салмаққа жетіп, оқшауланған күйде номер ішінде салмақ өлшеу рәсімін өткіздік. COVID-19-ға қайтадан ПТР тапсыруды өтіндік, өкінішке қарай бүгінгі нәтиже тағы да «оң» көрсетті. Айналама, қоршаған ортама деген жауапкершілікті сезіне отырып, коронавирустың тез жұқпалы екенін ескере отырып турнирден шектетілдім. Егер дәл осы диагноз болмағанда, қазіргі жағдайыммен-ақ маған 3 раунд та жеткілікті еді... Бірақ амал қанша, барлығы бір Аллахтың қалауы. Бүкіл әлемді дүрліктіріп тұрған мына дерттен аман болыңыздар! Ауырмаңыздар», - деп қосты ол.
Еске салайық, Тұраров бүгін, 3 сәуірде рингке шығуы керек еді. Ол бірінші жартылай орта салмақтағы WBO Inter-Continental белбеуін ұлыбританиялық Тайрон Маккеннаға (21-2-1, 6 КО) қарсы жекпе-жекте қорғау керек болған.