Алматыда ережесіз жекпе жектен Alash pride Grand Prix 67 Халықаралық турнирі өтіп жатыр. Бәсі жоғары додаға Орталық Азияның ММА жұлдыздары да қатысып, өнер көрсетеді. Ендеше кіл мықтылар жиналған сайыс қалай өтті? Almaty.tv тілшісі Мерей Қанапиянов жалғастырсын.
Бүгін Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында Алаш прайдтың кезекті турнирі өтті. Октагонда бақ сынау үшін еліміздің түкпір-түкпірінен және көршілес өзбек, қырғыз елінен үздік 8 спортшы қатысты. Мамандардың айтуынша болашағынан үлкен үміт күттіретін спортшылар бұл бәсекеде жетерлік. Солардың бірі Тараздық Ерзат Шашубаев. Ол өзінің алғашқы кездесуінде қырғызстандық қарсыласын қылғындыру әдісімен ұтып, уақытынан бұрын жеңіске жетті.
«Бүгінгі жарыс өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Алаш прайд ұйымының директоры Данияр Қасқарауов ағамызға осындай үлкен мүмкіндік беріп жатқанына рақмет. Және де ең алдымен Аллаға сансыз шүкір», – деді файтер Ерзат Шашубаев.
Одан бөлек қыздар арасында өнер көрсететін Зәмзәгүл Файзолланова араға 4 жыл үзіліс салып, өзінің 8 кездесуінде қарсыласынан басым түсті. Ол өзбекстандық файтермен болған тартысты жекпе-жекте өзін көрсетіп, бір бас жоғары екенін дәлелдеді.
«Баршаңызға рақмет, қазақ еліне таныстырып жатқандарыңызға. Дода өте керемет өтті деп санаймын. Ендігі мақсат ФФЛ ден бір келісімшартымыз бар. Онда Арман Оспанов жауынгеріміз шыққан. Енді құдай қаласа қыркүйекте Амеркаға барамыз», – деді файтер Зәмзәгүл Файзолланова.
«Бұл сегіздіктің өзін ұту да оңай емес. Себебі 3 кездесуде жеңіске жету керек. Бұл жерде ерекше тоқтай кетуге болады Астанадан келген Тимур Жапаров жақсы көзге түсіп жүр соңғы кездері. Одан кейін Ерасылды және қырғыз спортшысын айтуға болады», – деді Alash Pride промоутерлік клубының президенті Данияр Қасқарауов.
Еске сала кетейік, Алаш прайд қазақстандағы ММА бойынша ең ірі спорттық ұйым. Осыған дейін 40-тан астам турнир өткізген.